Қазақстан жаһандық зейнетақы индексінде «орнықтылық» рейтингін сақтап қалды

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — CFA институты мен Mercer Consulting халықаралық кәсіби консалтинг компаниясы жариялаған «Жаһандық зейнетақы индексі-2025» атты есепте Қазақстан өз көрсеткішін жақсартты.

Есепте әлем халқының 65 пайызын қамтыған 52 елдің зейнетақы жүйесіне шолу жасалып, «ақылға қонымдылық», «орнықтылық», «басқару сапасы» сияқты үш түрлі өлшем бойынша рейтинг түзілген.

Қазақстан индекстегі 100 балдың 65-ін алып, «B» санатына жатқызылған. Былтырғы көрсеткіш 64 балл болған еді. Ал әлемдегі орташа индекс — 64,5 балл.

Нақтырақ айтсақ, Қазақстан зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі («ақылға қонымдылық» индексі) бойынша 47 балл, жүйенің демографиялық қысымға төтеп беру қабілеті («орнықтылық» индексі) бойынша 74,2 балл, халықтың сенімі, басқарудың ашықтығы мен салымшылардың құқықтарын қорғау көрсеткіші («басқару сапасы» индексі) бойынша 81,1 балл алған.

Есепте Қазақстанға өз жүйесін жетілдіре түсу үшін өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азаматтарды БЖЗҚ-ға тарту керектігі айтылған. Елде орташа өмір сүру жасы ұзарғандықтан, зейнетке шығатын жасты да ұлғайту қажеттігі атап өтілген. Шоттағы ақшаның зейнет жасына жеткенге дейін ұсталып кету көрсеткішін төмендетіп, азаматтардың, оның ішінде әйелдердің қаржылық сауатын, жүйеге қызығушылығын арттыру керек екені де айтылған.

— Қазақстанның индекстегі көрсеткіштері Халықаралық валюта қорының экономикалық өсім туралы жаңартылған мәліметтеріне байланысты 2024 жылғы 64 балдан 2025 жылы 65-ке жетіп отыр, — делінген есепте

Жаһандық индекстің «В» рейтингінде Қазақстаннан бөлек Уругвай, Ұлыбритания, Швейцария, Сауда Арабиясы, Португалия, Жаңа Зеландия, Мексика, Кувейт, Оңтүстік Корея, Ирландия, Гонконг, Германия, Франция, Хорватия, Канада, Бельгия сияқты елдері де тұр.

Бұған дейін Қазақстанның Зейнетақы қорынан 200 млрд теңге заңсыз шешілгенін жазған едік.