Қазақстан жаһандық дағдарыс аясындағы қатерлерге қарсы тұра алады
Бұл ретте Үкімет басшысы Елбасы Жолдауы аясында шешімін табатын басты мәселе - контртізбекті бюджеттік саясат екенін атап өтті. Оның айтуынша, сыртқы сұраныс азайған кезеңде Ұлттық қорда жинақталған резервтерді жұмсаудың, соның ішінде инфрақұрылымды дамытудың мүмкіндігі туып отыр. «Бұл жұмыс бойынша біз халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргіздік, олар негізінен инфрақұрылымдық ірі жобаларды қоса қаржыландырады. Жалпы, бұл қадам әлемдік қаржылық қауымдастық тарапынан жоғары бағалануда», - деді К.Мәсімов.
Үкімет басшысы Жолдауда айтылған екінші бағыт құрылымдық реформалар жасауға қатысты екенін атап өтті. «Біз жақында Мемлекет басшысына 2015 жылға жоспарланған құрылымдық реформалар туралы ұсыныспен шығамыз. Бұл негізінен қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістерді де қарастырады. Мұндағы басты мәселе - мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты жағдайындағы экономиканың түрлі секторына салынатын инвестициялар туралы болып отыр, нақтыласақ ондай инвестициялар өзін-өзі ақтауы тиіс. Бұл тұрғыда әлемде қалыптасқан оңтайлы тәжірибе бар. Бір кездері Еуропа одағына қосылғанда Шығыс Еуропа елдері де дәл осы жолмен жүріп өткен болатын», - деді К.Мәсімов.
Зейнетақы қорындағы қаражаттың жағдайына байланысты үкімет басшысы: «Соңғы уақытта еліміздің зейнетақы жүйесіне қатысты мәселе де көп әңгіме болып жүр. Соның ішінде зейнетақы қорының ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты түрлі пікірлер баршылық. Үкімет, ең бастысы, зейнетақы ресурстарының сақталуы мен ондағы қаражаттың Қазақстан азаматтары үшін сәйкес деңгейде көбейіп отыруын жақтайды», - деп атап өтті.
Кәрім Мәсімов сонымен қатар, жақында өткен ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысында қаралған мәселелерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, ұйымға қатысушы мемлекеттер арасында ұлттық экономикалар министрлері деңгейінде жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткен. Аталған жұмыс тобы мемлекеттер алдында тұрған қатерлерге қарсы бірлесіп шаралар қабылдау мәселелерімен шұғылданатын болады.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыттары туралы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндама жасады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов үш жылдық бюджеттің негізгі көрсеткіштері туралы айтты. Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов депутаттарды 2015-2017 жылдардағы ақша-несие саясаты туралы хабардар етті.
Елдің макроэкономикалық дамуының басты жоспары негізінде республикалық бюджеттің мынандай көрсеткіштері көзделіп отыр. Түсімдер 2015 жылы 6 858,0 млрд теңге, 2016 жылы - 6 982,7 млрд теңге, 2017 жылы - 6 971,1 млрд теңге көлемінде, ал шығыстар 2015 жылға 7 855,1 млрд теңге, 2016 жылға - 8 042,2 млрд теңге, 2017 жылы - 7 943,6 млрд теңге көлемінде белгіленді. «Үш жылдық кезеңде бюджет рөлі орта мерзімді және ұзақ мерзімді келешекте экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін шектелген, бірақ жеткілікті көлемде мұнай жинақтарына инвестицияларды іске асыру бойынша жүктемені жылжыта отырып, әлеуметтік құрауышты қамтамасыз етуге негізделетін болады», - дейді қаржы министрі Б.Сұлтанов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жалға берілетін тұрғын үй салуға келер жылы 92,5 млрд теңге бөлінеді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов атап өткендей, «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасына жалпы алғанда 2015-2017 жылдары 395 млрд теңге бөлінеді. Ал 2015 жылы - 142 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан нысаналы трансферт есебінен 17,5 млрд теңге қаралады. Бұл ретте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы тұрғын үйді жобалауға, салуға және сатып алуға - 27 млрд теңге, кезектегілер мен жас отбасылары үшін жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үй салуға - 33,4 млрд теңге, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға - 81,3 млрд теңге қарастырылады. «Бұл жерде айта кететін жәйт, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалға берілетін тұрғын үйді салуға 2015-2016 жылдары 145,0 млрд. теңге қаражат облигациялық қарыз түрінде бөлінеді, оның ішінде 2015 жылы - 92,5 млрд теңге қаралып отыр», - деді министр.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға алдағы үш жыл ішінде 217 млрд теңге жұмсалмақ. Соның ішінде 2015 жылы 80,2 млрд теңге, сонымен қатар Ұлттық қордан нысаналы трансферт есебінен - 60 млрд теңге және 2016 жылы - 100 млрд теңге жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуды несиелеуге көзделген.
Ұлттық қордан 2015-2017 жылдардағы республикалық бюджетке жыл сайын 1 702 млрд теңге мөлшерінде кепілдендірілген трансферт белгіленді. Жоспарланған кепілдендірілген трансферт және нысаналы трансферттерді тарту кезінде Ұлттық қордағы қаражаттың төмендемейтін қалдығы ішкі жалпы өнімнің 30 пайызынан төмен емес деңгейдегі шектеу сол қалпында қалады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, болжамға сәйкес, Ұлттық қор қаражатының жалпы көлемі 2015 жылы 97 млрд доллардан 2017 жылы 115 млрд 600 млн долларға дейін ұлғаяды.