Қазақстан жаңа даму дәуіріне қадам басты — Ресей депутаты Марина Ким

Фото: Kazinform

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапарына орай ресейлік депутат және журналист Марина Ким «Jibek Joly» телеарнасын сұхбат беріп, Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестік туралы ойымен бөлісті.

— Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастықты қалай бағалайсыз? Бұл қатынастарды дамытуда нені ерекше атап өтер едіңіз?

— Екі елдің ұзын шекарасы олардың арасындағы тату, достық және бауырластық қатынастардың берік негізі болып отыр. Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Ескі тәртіп ыдырап, жаңа әрі жылдам дамып келе жатқан көп орталықты жүйе қалыптасып жатыр. Бұрын әлем бір ғана орталыққа тәуелді болса, қазір бірнеше ықпал орталығы пайда болды. Ресей мен Қазақстан осындай көп орталықты, яғни әділ әрі тең мүмкіндіктерге негізделген әлем идеясын қолдайды.

Бұрын әлемнің негізгі назары Батысқа — батыс мәдениеті мен қаржы орталықтарына бағытталса, қазір ол біртіндеп Шығыс пен Оңтүстікке ауысып келеді. Осы өзгерістердің нәтижесінде Еуразияның маңызы айрықша артты. Саяси, экономикалық және көлік қатынастары тұрғысынан Еуразия қазір әлемнің жаңа орталығына айналып жатыр. Бұл кең аймақ — алып көлік және өнеркәсіп торабы, өзара ынтымақтастық үшін зор мүмкіндік алаңы болмақ.

Ортақ құндылықтар мен стратегиялық серіктестіктің арқасында Ресей мен Қазақстан өздерінің ерекше географиялық және экономикалық әлеуетін тиімді пайдалана алады. Екі елдің қарым-қатынасы тұрақтылық пен сенімге негізделген. Біз ортақ мәдени ортада өстік, сондықтан Қазақстанның орыс мәдениеті мен тіліне деген жылы көзқарасын көру — қуанарлық жайт.

Бұқаралық ақпарат саласында да бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. ТАСС агенттігінің қолдауымен құрылған және Дмитрий Сергеевич Песков басқаратын Ресей–Қазақстан комиссиясы ақпараттық кеңістіктің тез өзгеріп жатқан жағдайын екі елдің қарым-қатынасына тиімді пайдалану жолдарын талқылап жатыр.

Ортақ мәдениет және құндылықтан бөлек, өнеркәсіп пен энергетикада, соның ішінде атом саласында да бірлесіп жұмыс істеуге зор мүмкіндік бар. Жалпы, Ресей мен Қазақстанның даму жолы ешқашан бөлінген емес — ол әрдайым достыққа, өзара ықпалға және біртұтас өрлеуге негізделген. Президент Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапары — биылғы маусымдағы ең маңызды геосаяси оқиғалардың бірі деп ойлаймын.

— Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапарына орай еліміз туралы ауқымды арнайы репортаж дайындаған едіңіз. Сіз үшін жаңалық болған не нәрсе?

— Репортаж дайындау барысында Қазақстан туралы кең ауқымды деректі фильм шықты. Негізгі мақсат — заманауи Қазақстанды көрсету еді. Фильм интернет-аудиторияға, жастарға бағытталды.

Біздің көрсеткіміз келгені — Кеңес Одағы кезінен белгілі нәрселер емес, қазіргі Қазақстан еді және Қазақстан мені таңғалдырды. Мен жас, серпінді және қарқынды дамып келе жатқан елді көрдім. Мысалы, қаржы саласы. Қаржы қызметтері мен технологияларының үздіксіз дамуын байқадым, шын мәнінде бұл — «Силикон алқабы» сияқты.

Негізінен дәстүрлі өндіріс пен экономика салаларын көремін деп ойлағам. Бірақ келгенде мүлде басқа көрініске тап болдым. Инновациялық идеялары бар, заманауи көзқарастағы жас стартаперлерді көрдім. Қазақстан көзге көрінбей-ақ жаңа даму дәуіріне өтіп кетіпті, бұл мені қатты таңғалдырды әрі қуантты.

Демографиялық өсім де бірден көзге түсті. Қалаларда жастар мен балалар көп, ең бастысы олардың өзін-өзі дамытуға зор мүмкіндіктері бар.

Қазақстан ерекше географиялық жерде орналасқан. Ол Еуропа мен Азияны, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын үлкен еуразиялық көпір іспетті. Ел осы артықшылығын тиімді пайдаланып, қазіргі заманға сай «көпір» қалыптастырды. Мұнда жастарға ашық, батыл әрі еркін бизнес жасауға барлық жағдай жасалған.
Соңғы он жылда елге ірі қаржы келіп, Қазақстан сол қаржыны тиімді пайдаланып, жаңа, динамикалық экономика құрды.

Бүгінгі әлемде геосаяси өзгерістер өте жылдам жүріп жатыр. Осындай жағдайда Ресей мен Қазақстан өзара қарым-қатынастарын байыппен және ұтымды түрде дамытып келеді. Бұл — аса маңызды қадам. Екі ел арасындағы ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан достық пен серіктестік Еуразия кеңістігі мен бүкіл әлемнің тұрақтылығына оң әсерін тигізіп отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады. Мемлекет басшысы Президент Владимир Путинмен келіссөздер жүргізеді.

Сапар аясында екіжақты стратегиялық әріптестік пен одақтастықты дамыту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланады деген болжам бар. Kazinform аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге ықтимал нәтижелерді талдады.

Осыған дейін Песков Қазақстан Президентінің Мәскеуге мемлекеттік сапарына дайындық барысын баяндады.

Сондай-ақ Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары қарсаңында «Российская газета» басылымында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Вечная дружба – путеводная звезда для наших народов» атты мақаласы жарық көрді.