Қазақстан жаңа кен орындарын іздеуге кірісті: елде 200 ұңғыма бұрғыланады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жаңа кен орындарын іздеу мақсатында 200 ұңғыма бұрғылау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: freepik

Атырауда өткен KAZDRILLING конференциясында барлау-бағалау бұрғылауының перспективалары, сервистік нарықтың дайындығы және отандық бұрғылау саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров бұрғылау көлемін ұлғайту жаңа кен орындарын ашу және еліміздің ресурстық базасын толықтыру үшін қажет екенін атап өтті. Болжамды бағалауға сәйкес, барлау-бағалау бұрғылауының көлемі 2026 жылы шамамен 80 ұңғыманы, ал 2027–2028 жылдары жыл сайын 120 ұңғыманы құрауы мүмкін.

Фото: Энергетика министрлігі

Мұнай-газ әлеуеті жоғары, аз зерттелген шөгінді бассейндерге ерекше назар аударылды. Мұндай учаскелерді беру тәртібі жеңілдетілді: өтінім келіп түскеннен кейін министрлік 10 жұмыс күні ішінде аукцион өткізеді. Жұмыс бағдарламасына сәйкес алғашқы үш жылда учаске аумағының кемінде 30 пайызында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу және кейіннен барлау ұңғымаларын бұрғылау көзделген.

Қазақстандық қамтуды дамытуға да ерекше мән берілді. Бүгінде елімізде қажетті өндірістік құзыреттер қалыптасқан. Атап айтқанда, Атыраудағы «Жігермұнайсервис» зауыты бұрғылау қашауларын, калибраторларды және басқа да бұрғылау жабдықтарын шығарады.

Фото: Энергетика министрлігі

— Біздің міндетіміз — бұрғылау қызметтерінің тұрақты әрі бәсекеге қабілетті нарығын қалыптастыру. Нәтижесінде жаңа геологиялық ашылымдар жасалып, қорлар толықтырылып, отандық өндіріс дамып, білікті жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артуы тиіс, — деп атап өтті вице-министр.

Осыған дейін ЖИ Қазақстанда мұнай ұңғымаларын бұрғылайтын ең тиімді нүктені анықтайтынын жазғанбыз.