Қазақстан жанармайдың 12-30 пайызын Ресейден импорттап келеді - Ұ.Қарабалин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан түрлі жанар-жағармайлардың 12-30 пайызын Ресейден импорттап келеді. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, тәуелсіздік жылдарынан бері елімізге шетелдік инвестициялар ағыны 200 миллиард доллардан асса, олардың 105 миллиард долларға жуығы немесе 50 пайыздан астамы мұнай және газ саласына тиесілі болып табылады. Сонымен қатар мұнай мен газ саласы мемлекеттік бюджет кірістерінің 40 пайызын, Ұлттық қор түсімдерінің 90 пайызын, ал экспорттың 70 пайыздан астамын қамтамасыз етіп, ІЖӨ-нің шамамен алғанда 25 пайызын қалыптастыруға септігін тигізіп отыр.

«Жалпы, еліміздегі мұнай өңдеу мөлшері тұрақты түрде жылына 14-14,8 млн. тоннаның шеңберінде қалыптасады. Ал өткен он айда негізгі қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарымен 12,4 млн. тонна мұнай өңделді, бұл бекітілген жоспарға 102,4 пайызды құрайды. Көбірек пайдаланылатын АИ-92 бензині мен дизельдік отын теңгеріміне келсек, ондай мұнай өнімінің өндірісі еліміздің қажеттілігін толықтай қамтамасыз ете алмайды. Соған байланысты Қазақстан жанар-жағармай түрлерін 12-30 пайызға дейін Ресейден импорттап отыр», - деді Ұ.Қарабалин.