Қазақстан және ЕО: Академиялық ынтымақтастықтың болашағы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 30 маусым, сәрсенбі күні ҚР Білім және ғылым министрлігі, ЕО-ның Қазақстандағы Өкілдігі және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» іске қосқан білім саласындағы бірінші қазақстандық-еуропалық форум ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» алаңында өткен жоғары деңгейдегі іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрі, Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон, ЕО елдерінің елшілері, қазақстандық және еуропалық университеттердің өкілдері, сарапшылар мен журналистер қатысты.

Форумда жаңа мүмкіндіктер жағдайындағы жоғары білім дамуының жаһандық трендтері, интернационалдандыруды кеңейтудің мәселелері талқыланды, қатысушылар Қазақстан мен Еуропа университеттерінің арасындағы академиялық ынтымақтастықты әрі қарай дамытудың бағыттарын ұсынды.

«Болашақ» бағдарламасы туралы айтатын болсақ, еуропалық университеттерде білім алушы студенттердің саны азаюда. Бұл бізді алаңдатады», - деді өзінің баяндамасында Асхат Аймағамбетов.

Бұл үрдіс бұрыннан ЕО дипломаттарының назарында екен. Отандық ведомствоның басшысы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуға болатын еуропалық жоғары оқу орындарының тізімін кеңейту тақырыбын ортаға салды.

Өткен оқу жылы «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алуға мүмкіндік алған қазақстандық студенттердің тек 15%-ы Еуроодақ елдерінің университеттерін таңдаған. Халықаралық бағдарламаның 27 жылдық тарихында 11 мың маман дайындалған, олардың мыңнан астамы ЕО елдерінде оқыған.

«Биыл біз тізімді екі есеге кеңейттік. Оған 14 елден 51 жоғары оқу орны кірді», - деді министр.

Онымен қоса, ҚР Білім және ғылым министрлігі еуропалық әріптестерінен де осындай бастамаларды күтетінін жеткізді.

«Қазақстан ЕО елдерінің үшеуімен студенттерді алмастыру бойынша үкіметаралық келісімге келді. Олар: Венгрия, Польша және Словакия. Басқа да Еуропа елдермен осындай үкіметаралық келісімшарт жасасуға қарсы емеспіз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Отандық ведомствоның басшысы шараға қатысып отырған еуропалық дипломаттарға мемлекетаралық стипендиялық бағдарламаларға тартылған ЕО елдерінің тізімін кеңейтуге ықпалдасуға шақырды.

«Бізде Франциямен «Абай-Верн» деген жақсы бағдарламамыз бар, неліктен «Абай-Гёте» және «Абай-Шекспир» бағдарламасы пайда болмасқа»? – деп сұрады ол. – Мен әріптерстерімді ұқсас бағдарламаларды жүзеге асыруға шақырамын.

Магистранттар мен докторанттарға арналған «Абай-Верн» бағдарламасының аясында қазақстандық студенттер Францияда білім ала алады. Қазақстандық тарап білім алушының жүріп-тұру шығын өтеп береді, ал білім алу француздық серіктестер қаражатынан қарастырылады.

Өз кезегінде Еуроодақ Өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон қазақстандық тараптың Қазақстанның шетелдік білім беру бағдарламаларындағы ЕО білім ордаларының бұрыннан қалыптасқан мәртебесіне назар аударуын оң қабылдады.

Еуропалық дипломат студенттер мен оқытушыларды алмастыруға мүмкіндік беретін «Эразмус» еуропалық бағдарламасына тоқталып өтті.

«Соңғы төрт жылдың ішінде Қазақстанның 14 өңірінің университеттері жоғары білім әлеуетін нығайтудың 40 бағдарламасына қатысты, ал қазақстандық студенттер 124 стипендияны қолданды», - деді ол.

Свен-Олов Карлссон қатысушыларды ЕО-ның «Орталық Азиядағы тапқыр жастардың диалогы мен әрекеттері» деген жаңа білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқанынан жеткізді. Ол инклюзивті және еңбек нарығына сай келетін білімді қолдау шараларына бағытталған.

«Болашақ» стипендиясы ұсынылған жоғары оқу орындары тізіміне сай жетекші университеттерде білім алуға мүмкіндік береді. Осы жылғы тізімде 27 елдің 207 жетекші университеті бар. Мемлекетаралық стипендиялық бағдарламаларға тоқталатын болсақ, біздің еліміз 10 елмен осындай келісімге отырды.


Тимур Дүйсекеев