«Қазақстан» және «KAZsport» арналары Еуро-2016 іріктеу матчтарын тікелей эфирде көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы жексенбі, 9 қыркүйекте басталатын футболдан Еуропа чемпионатының 15-ші турниріне іріктеу кезеңін «Қазақстан» және «KAZsport» арналары тікелей эфирде трансляциялайтын болады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова айтты.

«Футбол елімізде ғана емес, бүкіл әлемде нөмірі бірінші спорт түрі болғандықтан, Еуро-2016 турнирінің іріктеу матчтары көрермендерімізді қызықтыратыны белгілі. Сондықтан біздің осы ойындардың барлығын тікелей эфирден көрсету мүмкіндігіне қол жеткізуіміз үлкен мәртебе деп ойлаймын», - деді ол.

Ал ҚР Футбол федерациясының бірінші вице-президенті Аллен Чайжунусовтың айтуынша, барлық матчтарды трансляциялау рұқсатын алу жұмыстары мамырдан басталып, бүгінге дейін жалғасқан.

«Бұл біз үшін үлкен жетістік. Сондықтан да осы істе қол ұшын созып, көмек көрсеткен «Қазақстан» және «KAZsport» арналарының басшыларына алғысымыз шексіз», - деп атап өтті А.Чайжунусов.

Айта кетейік, «Қазақстан» және «KAZsport» телеарналары 9 қыркүйекте «Астана-Арена» стадионында өтетін Қазақстан-Латвия матчын тікелей эфирде трансляциялайды.