«Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары «Тур Алматы» бір күндік кәсіби веложарысын тікелей эфирде көрсетеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары 4 қазан күні Алматыда өтетін дәстүрлі «Тур Алматы» кәсіби бір күндік веложарысын тікелей эфирде көрсетеді.

Бұл туралы «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жылы да ұйымдастырушылар UCI кестесіндегі аса маңызды біркүндік жарыстардың бірі саналатын Алматы турында қызықты бағдарлама мен күрделі маршрутқа негізделген тартысты бәсеке болады деп уәде беріп отыр. Бұл тұрғыда әл-Фараби даңғылының бойындағы бір спринттік аралық межені ерекше атап өтуге болады.

Жарыс жолының жалпы қашықтығы - 186 шақырым (6 айналым, әр айналымның ұзақтығы - 31 шақырымды құрайды).

Бұл жылы «Тур Алматы» жарысына әлемнің 17 елінен келген 20 ұжым қатыспақ. Солардың арасында «Вуэльта-2015» көпкүндігінің жеңімпазы италиялық Фабио Ару намысын қорғайтын Astana Pro Team командасы ерекше орында. Астаналықтардан бөлек ел намысын жуырда Ричмондта өткен Әлем чемпионатынан оралған Vino 4ever мен Қазақстан ұлттық құрамасы қорғайды.

«Kazsport» телеарнасы «Алматы турын» таңғы 8.30-дан, командалардың таныстырылу рәсімінен бастап 14.30-ға дейін толығымен көрсетуді жоспарлауда. Ал «Қазақстан» ұлттық арнасының көрермендері жарыстың шешуші кезеңін Астана уақытымен сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін тамашалай алады.