Қазақстан және Нидерланды: Ынтымақтастық пен әріптестіктің, барлық негізгі экономикалық және халықаралық проблемалар бойынша айрықша өзара түсіністіктің 20 жылы - ҚР-ның Төтенше және Өкілетті елшісі Майнұр Мырзамадиева
Қазақстанның Еуроодақтағы сенімді әріптестерінің бірі және салынған инвестицияларының көлемі жағынан еліміздің ірі инвесторы болып табылатын ел - Нидерланды Корольдігі. Қазақстан мен Нидерланды ынтымақтастығының жай-күйі және перспективалары туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Майнұр Мырзамадиева әңгімелейді.
- Майнұр Саветқызы, биылғы жылы Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігі арасында дипломатиялық қатынастар орнатылғанына 20 жыл толып отыр. Сіз екі ел арасындағы қатынастарды қалай сипаттар едіңіз?
- Бұл - барлық негізгі халықаралық проблемалар бойынша айрықша өзара түсіністік. Жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық ынтымақтастықтың көптеген өзекті мәселелері бойынша, соның ішінде ядролық қаруларды таратпау, халықаралық лаңкестікпен күрес, Ауғанстан мен Сириядағы жағдайды реттеу болсын және басқа да мәселелерде Қазақстан мен Нидерландының көзқарастары ұқсас.
Сондай-ақ Қазақстанға голландтық инвестициялар ағыны үлкен болып отырғанын атап өту қажет. Нидерланды біздің елімізге салған инвестициялар көлемі жөнінен Қазақстанның №1 инвесторы. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, 1993-2012 жылдарда бұл ел 47 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы салды. Бұдан басқа да көптеген заттар бар, айталық, қызғалдақтар голланд экспортының негізгі өнімдерінің біріне айналып отыр. Әлем жұрты бұл гүлдердің отаны - Қазақстан екендігін екінің бірі біле бермейді, ал Еуропаға ол Ұлы Жібек жолы арқылы келді.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігі арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 20 жыл толып отыр. Елшілік Гаага қаласының беделді концерт залында қазақстандық әртістердің концертін және дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығына арналған маркалардың тұсаукесерін ұйымдастырды.
- Нидерланды Қазақстанның ірі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады. Голландтық бизнес үшін қазақстандық экономиканың қандай секторлары неғұрлым перспективалы?
- Баршаға белгілі, голланд экономикасының негізі көмірсутектерін өндіру және өңдеу, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығының қуатты секторы, логистика, қаржы - міне, нақ осы салалар Қазақстанда да шапшаң дамып келеді. Мен экономиканың қай бір секторын бөліп-жарып айтқым келмейді. Капитал негізінен өңдеу және кен өндіру салаларына, құрылысқа, білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қызметтер саласына, ауыл шаруашылығына, көлік пен байланыс, қаржы секторы салаларына бағытталуда. Сонымен қатар, 2011 жылы Қазақстанның Нидерландымен сыртқы сауда айналымы 6,8 млрд. долларды құрады, соның ішінде экспорт - 6,6 млрд., импорт - 291,5 млн. Ал 2010 жылғы айналым 4,5 млрд. доллар деңгейінде болған еді. Біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың осыншама қарыштап өсуі екі өте маңызды құжатқа негізделген - олар: инвесторлардың құқықтарын қорғау туралы келісім және салық келісімі, оларға ынтымақтастықтың бастапқы кезеңінің өзінде қол қойылған болатын.
Қазақстан Нидерланды Корольдігімен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға зор маңыз беріп отыр. Бұл жағдай ең алдымен Нидерландының біздің елімізге инвестиция құю жөнінде Қазақстанның №1 инвесторы болуына негізделіп отырғанын айтар едім.
Бүгінде Қазақстанда 122 бірлескен кәсіпорын тіркелген, олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі және өңдеу, технологиялардың жаңа түрлерін енгізу, халық тұтынатын тауарлар өндірісі және қызмет көрсету салаларында белсенді жұмыс жасауда.
- Ал Қазақстан мен Нидерланды ынтымақтастығының құқықтық базасы жөнінде не айтуға болады?
- Екіжақты қатынастарды дамытудың құқықтық негізі ең алдымен «Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестік туралы келісімге», сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ілгері жылжыту жөніндегі екіжақты құжаттарға негізделген. Бұлар - Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігі арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау және кіріс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция, Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігі арасындағы инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісім.
Осы құқықтық база екіжақты ынтымақтастықты сапалық жаңа деңгейге шығару үшін әлеует құрды, сондай-ақ екі ел арасындағы саяси диалогты жеделдетуге ықпал етті. Бүгінгі тағда ҚР мен ЕО арасындағы әріптестікті тереңдету туралы жаңа келісімге қол қоюға әзірлік жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
- Қазақстан энергетикалық ынтымақтастық мәселесінде Нидерланды үкіметінің басымдықты төрт еліне (Ресеймен, Сауд Арабиясымен және Алжирмен қатар) кіреді. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша бірлескен үкіметаралық комиссия жұмысы қалай жүріп жатыр?
- Қазақстан мен Нидерланды арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары серпінін ұстап тұру үшін министрліктер мен ведомстволар деңгейінде, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты ынтымақтастықтың басымдықты салаларында тұрақты байланыстар жолға қойылған. Екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды нығайта түсудегі соңғы жылдардағы маңызды оқиғалар 2009 жылы қазанда Нидерланды экономика министрі М.Хувеннің Қазақстанға және 2010 жылғы мамырда ҚР көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайыновтың Нидерландыға сапарлары болды.
Біздің елдеріміздің экономикалық блок басшыларының байланысы арта түсуі трендін қолдауға «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Т.Құлыбаев басқарған делегацияның Нидерландыға сапары септігін тигізді. Т.Құлыбаевтың Оранский ханзадасы Виллем-Александрмен, премьер-министрдің орынбасары М.Верхагенмен кездесулерінде елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың одан әрі жолдары белгіленді, сондай-ақ қазақстандық және голландтық экономикалар біздің елдеріміз үшін маңызды энергетика, көліктік логистика, қаржы-банк секторы және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда инновациялық даму мәселелерінде өзара іс-қимылды жүзеге асыра алатыны атап өтілді.
- Нидерландыда қазақ диаспорасының өкілдері тұратыны белгілі. Елшілік өзінің отандастарымен қандай да бір жұмыстарды жүргізіп отыр ма?
- Нидерландымен өзара қарым-қатынастарымызда қазақ диаспорасымен барған сайын нығая түсіп отырған байланыстарымыздың маңызы ерекше. Қазақ диаспорасының тарихи Отанымен байланыстарын нығайтудың маңызды құрамдасы жыл сайын өткізіліп келе жатқан мультимәдени фестивальдар, диаспора мен Нидерландыда оқып жатқан студенттер арасында спорт жарыстарын өткізу, бірлесе өткізіліп отырған ұлттық мерекелер болып келеді. Бүгінгі таңда Нидерландыда 300-ге тарта қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Елшілік біздің диаспорамызбен тығыз байланыс жасап келеді. Сондай-ақ елшілік голландық жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттермен және тағлымдамадан өтушілермен ұдайы кездесулер өткізуде. Біздің негізгі мақсатымыз - Қазақстаннан келген оқушы жастармен жан-жақты жұмыстарды жолға қою, олармен патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу, салауатты моральдық-психологиялық ахуалды қолдау, сондай-ақ оларға өздері болатын елде болу ережелерін және заңнама ерекшеліктерін түсіндіру болмақ.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет.