Қазақстан және Ресейдің сыртқы саяси ведомстволары консультациялар өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Саяси ынтымақтастық жоспарын іске асыру аясында Қазақстан және Ресейдің сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өткізілді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев, ресейлік делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары - статс-хатшысы Григорий Карасин басқарды.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жағдайын және оларды дамыту келешегін, Орталық Азиядағы жағдайды, көпжақты қауымдастықтағы өзара әрекеттестікті, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздікті дамыту мәселелерін талқылады.

Консультациялардың қорытындысында делегация басшылары Қазақстан мен Ресейдің мемлекетаралық қатынастардың барлық салаларында өзара іс-қимылының жоғары деңгейін атап өтті.

Екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету, интеграциялық байланыстарды, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары атқарып отырған жұмыстың маңыздылығы атап өтті.