Делегация басшысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов Түркияның мемлекеттік қызметшілер істері жөніндегі басқарма басшысы Мехмет Кумбузоглумен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екі елдің мемлекеттік қызмет саласындағы екіжақты байланыстарын әрі қарай тереңдетуге қызығушылық танытты. Өзара іс-қимыл деңгейінің қазіргі нәтижесі ерекше ықыласпен атап өтілді. Онда ҚР және ТР ведомстволары арасындағы ынтымақтастық туралы екіжақты құжатқа қол қоюға ерекше мән берілген.
Өзара іс-әрекеттің көпжақты форматында тараптар мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб жұмысын ерекше атап айтты. Ол 2013 жылғы наурыз айында Астанада құрылтай конференциясы шеңберінде құрылған болатын және биылғы мамыр айында VI Астана экономикалық форумы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жаһандық конференция барысында логикалық жалғасын тапты.
М.Кумбузоглу Түркияның мемлекеттік қызмет жүйесі туралы, оның қалыптасуы мен даму үлгісі, мемлекеттің халыққа ұсынатын қызмет көрсету сапасын жетілдіру жөніндегі шаралар және азаматтардың ТР-да мемлекеттік қызмет атқаруына байланысты басқа да мәселелер жөнінде әңгімелеп берді. Ол, сондай-ақ, елдің мемлекеттік қызметінің құрылымын, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге ұсынылатын қызмет көрсету сапасын бақылау жүйесін жан-жақты түсіндірді.
Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің мемлекеттік қызмет ведомстволары арасында өзара ықпалдастықты нығайту және мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб шеңберінде ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.