Қазақстан Жапония және Кореямен бірлескен ғылыми жобалар мен AI кадрларын даярлауды көздейді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттері және ғылыми-технологиялық ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Кездесулер барысында академиялық серіктестікті дамытуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, кадрлар даярлауға, сондай-ақ жасанды интеллект және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа басымдық берілді.

Токиода Tokyo Metropolitan University және Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің (UNU) басшылығымен кездесулер өтті. Tokyo Metropolitan University ректоры Такаэ Охашимен жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту, оқытушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Министр университет ректорын қараша айында Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына шақырды.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жапониядағы келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетімен ынтымақтастықты дамыту болды. БҰҰ Университетінің ректоры - БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, профессор Тшилидзи Марваламен ғылым, жоғары білім, ғылыми зерттеулер және тұрақты даму салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында тараптар БҰҰ Университетінің Қазақстандағы қызметін кеңейтудің ықтимал институционалдық және практикалық тетіктерін қарастырды. Қазақстан тарапы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін білдіріп, бірлескен бастамаларды іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізді. БҰҰ Университетінің ректоры Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына қатысуға шақыруды қабылдады.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Халықаралық серіктестікті нығайту бағытындағы жұмыстың жалғасы Сеулде өткен келіссөздермен жалғасты. Министр Корея Республикасының Премьер-министрінің орынбасары - ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Кен Хунмен кездесті. Тараптар ғылым, жоғары білім және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде технологиялар трансфері, бірлескен зерттеулерді іске асыру және жоғары білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.

Осыған дейін Қазақстан мен Финляндия стратегиялық шикізат бойынша жаңа технологияларды сынақтан өткізетіні туралы жаздық.