Қазақстан жарты жылда 306 млн долларға IT қызметтерді экспорттады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде IT-қызметтер экспорты қарқынды өсіп келеді. Толығырақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтып берді.
«2023 жылы экспорт көлемі 529 млн долларға жетті, ал биыл бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 306 млн долларға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылға қарай 1 миллиард долларға жетеді деп сенім артамыз. Бүгінде Қазақстанның IT қызметтері 86 елге экспортталады. Бұл біздің цифрлық шешімдерге жоғары сұранысты және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетімізді растайды», - деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.
Одан әрі министр ІТ саласына қатысты елімізде өткен халықаралық деңгейдегі форумдар мен конференцияларға тоқталды.
«2024 жылғы 3-5 қыркүйек аралығында Қазақстанда алғаш рет Астана қаласында цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтті. Конференцияға 30-дан астам елден 186 делегат қатысты. Жалпы қатысушылар саны 1500 адамнан асты. Астана министрлік декларациясын қабылдау болды. Биыл 15-20 қыркүйек аралығында Қазақстан алғаш рет ICPC — әлемдегі ең ірі студенттік спорттық бағдарламалау чемпионатын қабылдады. Бұл оқиға елдің Орталық Азиядағы IT хаб ретіндегі позициясын нығайтты. 110 елден 73 000 қатысушының ішінен финалға 50 елден 142 команда өтті, ал халықаралық ақпараттық технологиялар университеті командасы әлемнің ең үздік 30 командасы қатарына енді. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап «Digital Bridge» және «Digital Almaty» халықаралық форумы сияқты маңызды іс-шаралар өткізіліп келеді. Бұл форумдар жыл сайын 30 мыңнан астам қатысушыны тартады», - дейді ол.
Айта кетсек, таяуда Үкімет басшысы Олжас Бектенов америкалық компания басшысымен IT шешімдердің дамуын талқылаған еді.