Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткендей, аталмыш додаға 30 елден 600 қатысушы бақ сынады.
Біріншілік қорытындысында 4 алтын, 6 күміс, 4 қола еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға қол жеткізді.
Каратэ отаны Жапония командасы 25 медальмен (16 алтын, 1 күміс, 8 қола) топ жарса, Иран елі (10 алтын, 4 күміс, 9 қола) екінші сатыға орнықты.
Алғашқы жарыс күні 14-15 жас аралығындағылардан Нуриниса Дайырхан (47 ккг), Перизат Алдаберген (61 кг), Өмірзақ Ақсұлтан (70 кг) күміс, Әсемай Алтынбек (54 кг) пен Мүслима Ерназар (+61 кг) қола медальмен марапатталды.
Жарыстың соңғы күні 18-20 жас аралығында Даяна Даренская (61 кг) мен Венера Жақсыбаева (68 кг) алтыннан алқа тақса, Асылай Савидова (+68 кг) күміске қол жеткізді.
16-17 жас аралығында Ергенбай Бейбарыс (68 кг) пен Қадырғали Әлихан (76 кг) чемпион атанса, Әбдіқадыр Мирас (55 кг), Дияна Серғазина (48 кг) күміс, Гүлнұр Қойшыбай (59 кг), Алуа Жұмаділдә (+66 кг) қоланы қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия ойындарында каратэші Нұрқанат Әжіқановтың Қазақстан қоржынына сегізінші алтын медальді салғанын жазған болатынбыз.