Қазақстан жасанды интеллектіні қай бағытта дамытқаны жөн – Дүниежүзілік банк сарапшысымен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект келешекте өмірімізді қалай өзгертеді? Оның бізге берер пайдасы қандай? Осы және басқа да маңызды сауалдардың жауабын Digital Bridge 2025 форумы алаңындағы «Jibek Joly» арнасының мобильді студиясында Стэнфорд университетінің профессоры, Дүниежүзілік банктің Халықаралық сараптамалық кеңесінің төрағасы Пол Кимнен сұрап көрдік.
– Былтыр елімізге сапарлап келген едіңіз. Сол кезде «Қазақстан – инновацияны дамытып, экономиканы өркендетуде әлемге үлгі бола алатын ел» деп айтқаныңыз бар. Қазірдің өзінде Қазақстан сондай үлгі көрсете алып жатыр ма?
– Соңғы 24 жыл бойы Стэнфорд университетінің Жоғары білім беру мектебінде техникалық директор әрі деканның орынбасары қызметін атқарып келемін. Осы жылдар ішінде Орталық Азиядағы әріптестеріммен тығыз байланыс орнатып, сол арқылы Қазақстан туралы талай естіп, білдім. Кейін мені осында шақырды. Өткен жылдың қараша айында Алматы мен Астанаға табаным тиіп, сол сапар барысында елдегі жаңашылдықты, инновациялық өзгерістерге деген ұмтылысты анық көрдім.
Қазақстан жастарының тың идеяларға деген құштарлығы көңіл сүйсінтеді. Олардың инновациялық әрі трансформациялық бастамалар жасауға құлшынысы зор. Сол себепті осында келіп, өз тәжірибеммен бөлісу мен үшін мәртебе. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Әсіресе, алдағы 6 жылда жүздеген мың студентті жасанды интеллект пен кәсіпкерлік негіздеріне үйретуге бағытталған AI-Sana жобасына ерекше мән беріп отырмыз.
Елдеріңізде осындай форумдар мен түрлі талқылаулардың өткізіліп жатқаны құптарлық. Уақытты да, бағытты да дұрыс таңдап жатырсыздар. Шынымды айтсам, мұндай бастамаларды басқа елдерден көрмедім. Сондықтан Қазақстан қазіргі таңда үлкен серпіліс жасап жатыр деп айтуға әбден болады.
Бүгін Alem.ai-дағы панельдік пікірталасқа қатыстым. Әлемнің түкпір-түкпірінен сарапшылар келіп, өз пікірін ортаға салды. Барлығы Президенттің бастамаларын қолдайтынын айтып, мемлекеттік органдар да белсенді атсалысып жатыр. Бұл – елдегі түбегейлі өзгерістер үшін керемет мүмкіндік. Қазірдің өзінде көп жұмыс атқарылып жатыр деген ойдамын. Енді сол қарқынды жоғалтпай, қысқа уақыт ішінде нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін.
– Жоғары білім жүйесі жасанды интеллект дәуіріне қалай бейімделуі керек?
– Дәстүрлі жоғары білім беруде басты назар ақпаратты түсінуге, есте сақтауға және мәселелерді жылдам шешуге аударылып келді. Бірақ ол күндер келмеске кетті. Мен BG және AG деген жаңа терминдер енгіздім. BG – жасанды интеллект дәуіріне дейінгі уақыт, ал AG – жасанды интеллект дәуірінен кейінгі уақыт. Бұл білім саласын түбегейлі өзгертетін бетбұрыс кезең.
BG кезеңі аяқталды, сондықтан студенттерді ескі әдістемелер бойынша оқытудың қажеті жоқ деп санаймын. AG – бұл жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жаңа деңгейге жету. Яғни студенттер тек мәселелерді шешіп қана қоймай, оларды алдын ала анықтап, ең бастысы бұрын ешкім қоймаған креативті сұрақтарды қоя білуі керек. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі студенттердің ЖИ-ді қолданып, бұрын мүлде болмаған идеяларды ойлап тапқанын өз көзіммен көрдім.
Мысал ретінде вайб кодинг ұғымын алуға болады. Дәстүрлі бағдарламалау артта қалып барады, ал vibe coding студенттерге прототиптерді жылдам әзірлеп, стартаптарды іске қосуға мүмкіндік береді. Бұрын бұған бірнеше ай кететін болса, қазір бірнеше күн ғана-ақ жұмсалады.
Ал AI-Sana Қазақстандағы инновациялардың қозғаушы күшіне айналмақ. Біз жастардың жасанды интеллект көмегімен тәжірибе жасап, мәселелерді шешіп, кәсіпкерлікке қадам басқанын көргіміз келеді. Кәсіпкерлік білім беру жүйесінің барлық сатысында, ең жас буыннан бастап оқытылуы қажет деген ойдамын. Осылайша жастар университетке келгенде жылдам шешімдер ұсынып, жаңалық ашып, стартап жасай алады. Мұндай экожүйе Қазақстанды мүлде жаңа деңгейге шығарады.
– ЖИ-стартаптарды сәтті іске асыру үшін не істеу керек?
– Біз жасанды интеллектіге негізделген стартаптар немесе компаниялар туралы айтқанда, елдің көбі олар міндетті түрде техникалық тұрғыда инновациялық болуы керек деп ойлайды. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Бірақ халықтың нақты қажеттіліктері мен қиындықтары ескерілуі қажет. Жастардың осыны тереңірек ұғынғаны маңызды. Өйткені дәл осы факторлар табыстың нағыз кілті.
Адамгершілік құндылықтар мен эмпатияны ұмытсақ, кез келген ЖИ-жоба сырттай инновациялық болып көрінгенімен, ол жұрттың нақты сұраныстарына сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан басты назарды адамға аудару қажет. Елді толғандырған шынайы мәселелер қандай? Олардың басты қиындықтары не? ЖИ арқылы бұны қалай дұрыс шешуге болады? Студенттерге әркез осыны түсіндіруге тырысамын. Сонда ғана олар ойлап тапқан ЖИ-стартаптар шынымен тиімді болмақ.
– Қазақстан жасанды интеллектке негізделген білім саласын дамытуға арналған ұлттық стратегияны іске қосты. Бұл бағытқа қандай баға бересіз?
– Жалпы қандай істі бастасақ та, оның белгілі бір тәуекелдері болады. Бірақ бүгіндегі басты қателік - ештеңе жасамау немесе өзгерістерге дайын болмау. Яғни, эволюцияға қарсылық. Ал қауіп-қатері аз бағыт – жасанды интеллектіні бүкіл білім беру экожүйесіне енгізу.
Бұл студенттердің қабілеттерін, таланттарын, қызығушылықтарын терең түсініп, оларды анықтап, дамытуға жағдай жасайды. Дәстүрлі, ЖИ-ге дейінгі (BG) кезеңде білім беру бір конвейер секілді еді. Барлық студент бірдей білім алып, бірдей нәтижеге жетуі тиіс болатын. Бұл әбден ескірген тәсіл.
Енді бастысы, әрбір студенттің жеке қабілетін, талантын және қызығушылығын айқындап, соған қарай бейімдеу. Оларға темірқазықтай жол сілтеп, қолдап отыру қажет. Сонда ғана жастар өз мүмкіндіктерін толық паш ете алады. Жалпы «оқыту» ұғымы BG-ге тән. Ал AG кезеңінде бұл ұғымды тәлімгерлікпен алмастыру қажет.
– Енді экономика жайлы сөз қозғасақ. Дүниежүзілік банк жасанды интеллектінің дамудағы рөлін экономикалық тұрғыда қалай бағалап отыр? Қазақстан өзіне қандай тәжірибе ала алады?
– Мен бүкіл Дүниежүзілік банктің емес, тек өз тәжірибемді айта аламын. Дүниежүзілік банктің ерекшелігі – оның әлемдегі көптеген елмен жұмыс істейтіндігінде. Олар түрлі сәтсіз және табысты жобаларды көріп, тәжірибе жинақтайды. Дүниежүзілік банктің edutech саласындағы халықаралық сарапшылық кеңесінің төрағасы ретінде байқағаным, бұрынғы edutech-шешімдер көбіне білімнің төменгі деңгейіне бағытталған еді. Ал жаңа edutech студенттердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, жоғары деңгейлі білімге, яғни жаңа дүниелерді жасауға, қолдануға және бағалауға бағытталуы тиіс.
Бұл мен үшін ең керемет тәжірибе. Дүниежүзілік банкпен жұмыс барысында әр ел мен аймақ үшін өзіне лайықты контекст құрудың маңызын түсіндім. Әр мемлекет өз тәжірибесімен бөліседі, ал Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі сияқты ұйымдар осы тәжірибені жинақтап, тиімді тәжірибелерді қайта-қайта қателік жасамау үшін ұсынып отырады. Бұрын осындай тәжірибе алмасу болмаған кезде көп ресурстар босқа кететін.
Жасанды интеллектінің арқасында біз табыстың түрлі деңгейін айқындай аламыз. Оның күші – білім беруде, адами капиталды дамытуда және басқаруда. Бұл тәжірибелер арнайы баяндамаларда жарияланып, елдер арасында кеңінен таралады. Қазіргі заманда үздік тәжірибелерді елемей қоюға болмайды. Керісінше, оларды жан-жаққа енгізу арқылы барлығына қолжетімді қыламыз. Бұл – әлемді баршаға инклюзивті әрі әділетті етудің кілті.
– Сіз тәжірибе алмасудың маңыздылығын айттыңыз. Ал қас-қағымда өзгеріп жатқан технология мен жасанды интеллект дәуірінде қалай бәсекеге қабілетті болуға болады?
– Бәсекеге қабілетті болу – ең алдымен ешкімге еліктемей, шынайы болу деген сөз. Қазақстан – өзіндік мәдениеті, тарихы және адами капиталы бар ел. Сондықтан Қазақстан өзінің бірегейлігін сақтап қалуы керек.
Басқалардың жеткен жетістігін қайталауға тырысудың қажеті жоқ. Одан нәтиже шықпайды. Бірақ соларға қарап сабақ алуға болады. Дегенмен басты назар – Қазақстанның өзіндік даралығына, ұлттық ерекшелігіне аударылуы тиіс. Осылайша елдеріңіз өзгелерден дараланып, өз табысы мен инновацияларын басқа елдермен бөлісетін деңгейге көтеріледі.