«Қазақстан жасөспірімдері - ЕҚЫҰ елдерінің көшбасшыларына» атты шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды

АНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Шабыт» шығармашылық үйінде еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан жасөспірімдері - ЕҚЫҰ елдерінің көшбасшыларына» атты шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды.

«Байқау қорытындылары, сонымен қатар жас қазақстандықтардың халықаралық мәселелерді шешудегі Ұйымның рөлін арттыру мен барлық мүше-мемлекеттер тұрғындарының арасында Ұйымның танымалдылығы мен беделін нығайту сияқты ЕҚЫҰ қызметінің өзекті мәселелері бойынша жазған өткір, тікелей әрі нақты ұсыныстары саясаткерлер мен беделді халықаралық ұйым қызметкерлерінің назарын аударды», - деді жеңімпаздарды марапаттау барысында ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко.

Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің жауапты қызметкерлері және Шетел инвесторлары кеңесінің өкілдерінен құралған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Павлодар облысы Екібастұз қаласының №7 гимназия-мектебінің 10-сынып оқушысы Юлия Бурмистрова ие болды. Ал 2-3-орындарды Шымкент қаласының Дулати атындағы № 8 гимназияның 11 «А» сынып оқушысы Ділназ Ирисметова мен Екібастұз қаласындағы № 1 лицей-мектептің 11 «Б» сынып оқушысы Жанель Байділдина бөлісті.

Олар демеушілерден сыйлыққа ноутбук алды. Ал гран-при иегері Ұйымның штаб-пәтері орналасқан Вена қаласына сапар шегетін болды. Сондай-ақ «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы үш жеңімпазға Бурабайдағы «Балалық арман аралы» сауықтандыру кешеніне жолдамалар берді. Онда балалар жылдың кез келген кезеңінде 21 күн тегін демалуға мүмкіндік алып отыр.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктері және Шетел инвесторлары кеңесі, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының қатысуымен «Қазақстан жасөспірімдері - ЕҚЫҰ елдерінің көшбасшыларына» атты жалпыұлттық оқушылар шығармаларының байқауын өткізген болатын. Оған еліміздің түпкір түпкірінен ағылшын тілінде жазылған 200-ден астам шығарма келіп түскен.