АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогының Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі өтіп жатыр.
Қазақстан құрамасы (капитаны Сергей Квак) D тобына Қытай, Иран және Жаңа Зеландия командаларымен бірге түсті.
Бастапқы матчта қазақстандықтар Жаңа Зеландияны 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Алдымен Михаил Мищенко тартысты матчта Бленд Лукуды тізе бүктірді — 6:3, 5:7, 6:4.
Содан кейін Мансұр Сайынов Юн Лиамаға ес жиғызбады — 6:1, 6:0.
Жұптық сында Мансұр Аңсар Ниетқалиевпен бірге Аливина — Лиамадан басым түсті — 6:3, 6:2.
Қазақстан өз тобында көш бастаса, Қытай екінші орында. Ертең қазақстандық жасөспірімдер Иранмен шеберлік таластырады. Иран Қытайға жол берді — 0:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің, ATP рейтингісінде ТОП-50-ге жақындағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).