Қазақстан жасөспірімдер құрамасы екінші жыл қатарынан әлем чемпионатына жолдама алды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Дэвис кубогы Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жеңіске жетті.
Ширек финалда Сергей Квактың шәкірттері әлемдегі үздік құрамалардың бірі, жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының алты дүркін чемпионы Аустралия құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Кэмерон Бертонды 6:3, 6:0 есебімен ұтқан Дамир Жалғасбай Қазақстанға бірінші ұпайды әперді. Содан кейін Заңғар Нұрланұлы «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Ллейтон Хьюиттың ұлы – Круз Хьюитты тас-талқан етіп жеңді – 6:1, 6:0.
Өткен жылы да ширек финалда қазақстандықтар Аустралияны 2:0 есебімен қапы қалдырған еді. Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алдағы күзде 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңінде екінші жыл қатарынан бақ сынайды.
Ертең, 24 мамыр күні қазақстандықтар жартылай финалда Корея немесе Гонконг құрамасымен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Қытайды жеңгенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Ролан Гаррос турнирінде Михаил Кукушкин іріктеу жарысының финалына өтті.