АСТАНА. KAZINFORM - 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жолдастық кездесуде Грузияға есе жіберді.
Қазақстандық футболшылар қарсыласынан 1:2 есебімен жеңілді. Соңғы минутта соғылған гол матч тағдырын шешіп кетті. Ел құрамасы сапынан Расул Әкімов көзге түсті.
Қазақстандық футболшылардың Габала қаласында Әзербайжан және Грузия құрамаларымен екі жолдастық матч жоспарланған.
Бірінші ойында олар Әзербайжаннан 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Еліміздің жасөспірімдер құрамасы 28 мамырдан бастап оқу-жаттығу жиынын бастады. Алғашқы оқу-жаттығу жиынын Талғар қаласында өткізді. Бұл құрамаға аға жаттықтырушы Бауыржан Сағындық жетекшілік етеді.
Сондай-ақ еліміздің 19 жасқа дейінгі жастар құрамасы 31 мамыр мен 10 маусым аралығында Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жоспарға сәйкес үш жолдастық матч қарастырылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.