Қазақстан жастар арасындағы өлім көрсеткіші бойынша Ресейден кейінгі екінші орында -Ұлттық талдау орталығы

АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан жастар арасындағы өлім көрсеткіші бойынша Ресейден кейінгі екінші орында тұр.

ҚР Үкіметі жанындағы «Ұлттық талдау орталығы» АҚ-ның «Қазақстандағы әйелдер мен балалардың өміріне экономикалық дағдарыстың, азық-түлік пен отынға баға тұрақсыздығының әсері» атты зерттеуі осындай қорытынды шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда 15-19 жастағы жасөспірімдер мен 20-24 жастағы жастар арасындағы өлім көрсеткішінің жоғарылығы байқалып отыр. Дәл осы проблемаға қатысты нақты себептер әлі де түсініксіз. Ал ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан жастар арасындағы өлім бойынша әлем елдері арасында Ресейден кейінгі екінші орынға шыққан. Сонымен бірге, дағдарыстық жағдайды есепке алсақ, бұл көрсеткіштің біршама өсетінін де топшылауға болады. Шынымен де, егер жастар дағдарыс кезеңінде өздерін қорғансыз сезініп, әлжуаздар қатарынан көрсе, онда олар өздерінің болашағына мүлдем сенімсіздікпен де қарауы мүмкін», дейді Ұлттық талдау орталығы басқарма төрайымы Аяна Манасова.