Қазақстан жастар құрамасы Әлем чемпионатында топ жарды - хоккей

АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден Қазақстанның жастар құрамасы Әлем чемпионатында (U-18) жеңімпаз атанып, бірінші дивизионның «А» тобына шықты.

Кешегі ойында Қазақстанның жас хоккейшілері Жапония құрамасымен кездесіп, өз қарсыластарын 6:5 есебімен ұтты. Жапондықтар да бірінші дивизионның «А» тобына шығатын үміткерлердің қатарында болды. Сондықтан олар кездесудің бірінші кезеңінде 4:1 есебімен жеңіліп жатқанына қарамастан, үшінші кезеңге дейін есеп айырмасын барынша қысқартуға тырысты. Алайда қазақстандық хоккейшілер бір шайбамен (6:5) алға шығып, 18 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Осы жеңістің арқасында олар бірінші дивизионның «А» тобына, яғни үздіктер қатарына енді.

Айта кетейік, Венгрияның Будапешт қаласында өткен Әлем чемпионатында да Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанып, келесі жылы өтетін чемпионатта элиталық топта өнер көрсететін болды.