Қазақстан жастары климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ға мәлімдеме жібереді

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Астанада Назарбаев университетінде Қазақстандағы климаттың өзгеруі бойынша жергілікті жастар конференциясы (LCOY Kazakhstan 2023) өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

LCOY Kazakhstan 2023 – БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы және Орнықты даму саласында шешімдер әзірлеу желісінің (SDSN) негізі іс-шарасы. Жыл сайынғы конференция климаттың өзгеруі және тұрақты даму саласындағы мазмұнды диалогтар мен бірлескен іс-әрекетке қатысу үшін Қазақстанның түрлі аймақтарынан жас көшбасшылардың, зерттеушілер мен сарапшылардың басын қосады.

SDSN Youth Kazakhstan – Қазақстан жастары арасында БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге бағытталған серпінді жастар бастамасы. Ол 2022 жылдың маусым айында Назарбаев университетінде бастау алған.

«Біздің мақсатымыз – тұрақты дамудың 17 мақсатына жету үшін шешімдерді анықтауға және әзірлеуге көмектесу. Қазақстандағы желіміз өткен жылы пайда болды, қазір 20-ға жуық мекеме бар. Алғаш рет SDSN конференциясын өткіздік, онда жастардың қосқан үлесіне таң қалдым. Sdsn Youth әзірлеген және Қазақстанда жүзеге асыратын 4-5 презентация мен жобалар бар. Sdsn Youth әзірлеген кейбір тұжырымдамалық сұхбаттар мен презентациялар және жобалар өзекті мәселелерге арналды және шешімдері анықталды», - деді Қазақстандағы SDSN төрағасы Шигео Катсу.

Бүгінгі жиында «Қазақстандағы климаттың өзгеруі», «Климат өзгерісінің су секторына әсерін бағалау», «Қазақстанда жасыл, тұрақты, заманауи энергияны жаппай енгізу және пайдаланудың маңызы» тақырыптарында панельдік пікіріталастар өтеді.

Сонымен бірге, конференцияда студенттердің жасыл жобаларының көрмесі, көркем сурет көрмесі және «Климаттық фреск» ойыны өтеді. Бұл қатысушылардың климаттың өзгеруі және оның салдары туралы білімін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстандағы климаттың өзгеру проблемалары жастарды алаңдатып отырғанын көру өте маңызды. Сіздер саясаткерлер мен сарапшылардың келесі буыны ретінде климаттық дағдарысты жеңу шараларын қалыптастыратын және әсер ете алатын адам боласыздар. Сондай-ақ бізге климат туралы пікірталаста жастардың үнін тыңдау, жаңа технологияларға қатысты инновациялық шешімдеріңізді көру өте маңызды. Оған қоса, жаһандық жылынуды 1,5 градусқа дейін шектеу үшін ұжымдық күш-жігер қажет», - деді Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің бірінші кеңесшісі доктор Йоханнес Баур.

LCOY Kazakhstan 2023 шарасының маңызды қорытындысы – қазақстандық жастар дайындаған бірлескен мәлімдеме болмақ. Бұл мәлімдеме Біріккен Араб әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі 28-конференциясына ұсынылып, климаттың өзгеруі бойынша жаһандық шешімге белсенді ықпал етуге мүмкіндік береді.

«Біз бүгін жастарға климаттың өзгеруі жөнінде ақпарат беріп, осы саладағы прогреске белсенді қатысу үшін қажетті дағдылармен қамтамасыз еткіміз келеді. Сонымен бірге, жастардың мәлімдемесін әзірлейміз, бұл үш тақырыптық бағыт бойынша топтық жұмысты қамтитын қорытынды құжат болады. Яғни қатысушылар 3 топтық сессияға бөлінеді, олар климаттың өзгеруіне байланысты әртүрлі мәселелерді қарастырады. Мұның бәрін ұйымдастыру комитеті жинақтап, қорытынды құжатты қарашаның аяғында және желтоқсанның басында Дубай қаласында (БАӘ) өтетін жастар конференциясына жібереді», - деді SDSN Youth Kazakhstan бастамасының үйлестірушісі, Назарбаев университетінің 4-курс студенті Никита Дурнев.