«Астанада өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ресми ашылу салтанатын І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің педагогтары мен студенттері тікелей эфир арқылы тамашаладық. Алғашқы кезекте ел көлемінде танымал, білімді, іскер, өз кәсібін жүргізіп отырған жастар сөз алды. Олардың жас та болса атқарып жатқан үлкен істерімен танысып, қанаттана түстік. Ал Елбасының сөзі бойымызға жігер беріп, патриоттық сезімімізді ұштады. Қазақстанның болашағын қалайтын азаматтар екендігімізді тағы бір мәрте терең сезінуімізге мүмкіндік ашты. Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы тегіннен емес. Бұл, бізге берілген үлкен мүмкіндік. Біз - тәуелсіз елдің ұрпағы Президенттің салиқалы саясатын жүзеге асыру арқылы жастардың қолынан не келетінін дүниежүзіне танытуымыз керек», - дейді ол.
Құқық және экономика факультеті студентінің айтуынша, жастар қолдан келер істі сөзбен емес, іспен дәлелдеуі қажет. Осы орайда ол бірнеше жоба әзірлеген.
«Олар өз мамандығым бойынша және одан да тыс бастамалар. Соның бірі - Алматы облысының жастары арасында дебат клубын ұйымдастыру, екіншісі - экотуризмді қалыптастыру. Елбасы бүгінгі жастарға қарата айтқан сөзінде де еліміздің көрікті жерлерінің бәрін аралағанын, әсіресе Алматы облысында мақтан тұтарлық жерлер көптігін атап өтті. Бізде Шарын шатқалы, Алтынемел сынды өзгелерге мақтанышпен көрсететін табиғи байлығымыз жетерлік. Соны қолжетімді етіп туризмді дамыта білсек, еліміздің абыройы бұдан бетер арта түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ, Елбасы «Ақыл жастан, асыл тастан» дей келе жастарды сапалы білім алып, ғылымды дамытуға, өркениет көшінен қалмай уақыт талабына сай адымдауға шақырды. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында бөлінетін грант көлемін екі есе арттыруды тапсырды. Бұл бізге үлкен серпін берді», - деп түйді өз ойын ЖОО студенті.
Еске салайық, 23 қаңтар күні Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Айта кетсек, Президент Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Арада бір айдан астам уақыт өткеннен кейін Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып ресми түрде жарияланды.