Қазақстан жастары жылдың ең басты құжатына қол қойды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жастары Форумының қатысушылары «Қазақстан жастары-2016» ұлттық баяндамасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы бүгін қорытынды баспасөз мәслихатында ҚР Дін және азаматтық қоғам істері министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Оспанқұлов мәлім етті.

«Аталған форумның негізгі ерекшелігі - мұнда жастардың барлық санаты қамтылды. Форум үш күнге жалғасты. Сұхбат алаңдарында өткен талқылаулардың нәтижесінде тиісті ұсыныстар түзілді. Пленарлық отырыста бұл ұсыныстар мақұлданған болатын. Сонымен бірге «Қазақстан жастары-2016» ұлттық баяндамасы да тыңдалып, көпшіліктің ұйғарымымен қабылданды», - деп атап өтті ол.

Айта кеткен жөн, аталмыш құжатта мемлекетте жүзеге асырылып отырған жастар саясатына талдау жасалып, осы саланың дамуына қатысты бірқатар нақты жоспарлар енгізілді.

Еске салсақ, 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Республикалық жастар форумы өткен болатын.

Ұйымдастырушылардың атап өткеніндей, форум Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде жастар мен жастар саясатының жеткен жетістіктерін көрсетуге бағытталды. 1 желтоқсан күні форум аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жастармен кездесуі өтті. Шараға 1500-ге тарта адам қатысты, оның ішінде 700 адам өңірлерден келген.