Бұл туралы бүгін қорытынды баспасөз мәслихатында ҚР Дін және азаматтық қоғам істері министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Оспанқұлов мәлім етті.
«Аталған форумның негізгі ерекшелігі - мұнда жастардың барлық санаты қамтылды. Форум үш күнге жалғасты. Сұхбат алаңдарында өткен талқылаулардың нәтижесінде тиісті ұсыныстар түзілді. Пленарлық отырыста бұл ұсыныстар мақұлданған болатын. Сонымен бірге «Қазақстан жастары-2016» ұлттық баяндамасы да тыңдалып, көпшіліктің ұйғарымымен қабылданды», - деп атап өтті ол.
Айта кеткен жөн, аталмыш құжатта мемлекетте жүзеге асырылып отырған жастар саясатына талдау жасалып, осы саланың дамуына қатысты бірқатар нақты жоспарлар енгізілді.
Еске салсақ, 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Республикалық жастар форумы өткен болатын.
Ұйымдастырушылардың атап өткеніндей, форум Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде жастар мен жастар саясатының жеткен жетістіктерін көрсетуге бағытталды. 1 желтоқсан күні форум аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жастармен кездесуі өтті. Шараға 1500-ге тарта адам қатысты, оның ішінде 700 адам өңірлерден келген.