Қазақстан жайлы жазған шетелдік үздік тілшілер анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Қазақстан туралы материал жазып, үздік атанған шетелдік БАҚ өкілдері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты халықаралық байқау өтті. Оны ұйымдастырушы ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан бас редакторлар клубы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осымен 6-шы рет өтіп отырған аталған байқауға әлемнің 36 елінен 60 тілші қатысқан.

«Алдымен қонақтарға Қазақстанға қош келдіңіздер деймін. Біз елге қызығушылық танытып, ол туралы материал жазғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Байқауға келіп түскен материалдар әртүрлі бағытта болды. Оның ішінде Қазақстанның экономикасы, саясаты, халықаралық қатынаыс, тарих, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, ядролық қарусыздандыру, энергия көздері тақырыбы қамтылды. Одан бөлек, байқауға Әбу Насыр әл-Фараби мен ақын Абай Құнанбайұлы мұрасына арналған жұмыстар келіп түсті. Олар телевизия, газет және сайттарда жарық көрді. Әрине пандемияға байланысты бірқатар шектеу болғаны рас. Дегенмен байқау онлайн өткендіктен қатысушылардың қызығушылығы азайған жоқ. Бүгін міне халықаралық байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарды елордамызға қарсы алып отырмыз», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев.

Қазылар алқасының шешімімен байқау нәтижесінде Қазақстан жайлы жазған 6 автор жеңімпаз атанды.

Олардың қатарында «Литвалық курьер» апталық басылымдарының және «Эхо Литва» газетінің бас редакторы Николаюс Жуковас (Литва), «Financne Noviny» басылымының бас редакторы Владимир Бачишин (Словакия), Пәкістанның жаһандық және стратегиялық зерттеулер орталығының аймақтық сарапшысы Мехмуд Уль Хассан Хан (Пәкістан), Канаданың көші-қон және мультикультурализм мәселелері жөніндегі бұрынғы министрі Тони Рупрехт (Канада), «BCI Media» компаниясының коммерциялық продюсері Инга Черней (Канада) және MNB телеарнасының тілшісі Цолмон Батэрдэнэ (Моңғолия) бар.

«Еліміздің жетістіктерін шетелдік БАҚ-тың жазып жатқаны қуантады. Тілшілердің жұмысы әрқашан халық назарында. Әріптестерімнің қандай жағдайда жұмыс істейтінімен таныспын, өзім де журналиспін. Қазіргі уақытта әлемдегі эпидахуалды білесіздер, соған қарамастан тілшілер әрдайым алдыңғы шепте жүреді. Байқауға шетелдік БАҚ өкілдері белсене қатысты. Осы 6 жылдың ішінде байқауға әлемнің әртүрлі елінен жүздеген тілші Қазақстан жайлы жазды. Ұйымдастырылып отырған шара тек Қазақстан жайлы материалдар жазуымен шектелмейді, бұл қазақ журналистикасының беделін арттырып, әріптестеріміздің кәсіби дами түсуіне үлесін тигізед», - деді Қазақстан бас редакторлары клубының президенті Бибігүл Жексенбай.

Байқау жеңімпаздары сый-сияпаттан бөлек, еліміздің көрікті қалалары Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан және Бурабай демалыс аймағына бару мүмкіндігіне ие болды.

«Жылы қарсы алғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Біздің Премьер- министр ҚР Президентімен кездесу өткізді, бұл үлкен саяси қадам. Біз Қазақстанның жетістіктері туралы көп білеміз. Қазақстан әлем тілшілерінің назарында десемде болады. Сондай-ақ, Қазақстанның Орталық Азия бойынша үлгі тұтатын ел ретінде ғана емес, әлемдік деңгейде үлгі аларлық тұстары жеткілікті. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның мына сөзі есіме түсіп тұр. «Біз бүгінде жаңа әлемде өмір сүріп жатырмыз. Өмірде болып жатқан өзгерісті саралап, шұғыл шешім қабылдай білуіміз керек», - деді ол. Канаданың көші-қон және мультикультурализм мәселелері жөніндегі бұрынғы министрі, байқау жеңімпазы Тони Рупрехт.