Қазақстан жекпе-жектен Бүкіләлемдік «Спорт-Аккорд» ойындарын қабылдауы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков Муайтай Бүкіләлемдік Кеңесінің бас хатшысы (WMC), Халықаралық  Муайтай Федерациясының  (IFMA) бас хатшысы Стефан Фокспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметінше, Стефан Фокс «Спорт-Аккорд» халықаралық конвентінің вице-президенті қызметін қатар атқарады. Кездесу барысында Стефан Фокс қазақстандық тарапқа 2019 жылы жекпе-жектен «Спорт-Аккорд» бүкіләлемдік ойындарын өткізуге кандидатурасын беруді ұсынды.

«Мен Астанада бірнеше күннен бері жүрмін. Көрген дүниелерім мені таңқалдырды. Мен көптеген спорттық нысандарда болдым, барлығы өте сапалы тұрғызылған. Бұл жерде, спорттық нысандардың бір-біріне жақын орналасуы да маңызды. Қазақстанның мұндай ауқымды шараны қабылдауға әлеуеті зор. Сіздерге жекпе-жектен Бүкіләлемдік «Спорт-Аккорд» ойындарын өткізуге өздеріңіздің кандидатураларыңызды беруді ұсынып отырмын.», - деді Стефан Фокс.

Өз кезегінде, вице-министр Сәкен Мұсайбеков Стефан Фоксқа Қазақстанға білдірген сенімі үшін алғыс айтты.

«Мен «Спорт-Аккорд» халықаралық конвентіне өз алғысымды білдіремін. Біз, қазіргі таңда жекпе-жектің түрлерін қарқынды дамытып жатырмыз. Мұндай шараны өткізу арқылы, біз елімізде бұқаралық спорттық құлаштап дамуына дем береміз. Осындай спорттық жарысты өткізу үлкен мақтаныш. Егер, Халықаралық конвент Қазақстанға сенім білдіріп, біздің кандидатурамызды қолдап жатса, біз әрине тек қуанышты боламыз», - деді Сәкен Мұсайбеков. 

Айта кетейік, «Спорт - Аккорд»  мультиспорттық шара, оның аясында  (Sport Accord World Combat Games) жекпе-жектен  бүкіләлемдік Спорт-Аккорд ойындары өтеді. Мұндай типті ойындарды өткізу жөнінде  шешімді 12 халықаралық спорттық федерация қабылдадыү Олардың қатарында айкидо, бокс,  дзюдо, джиу-джитсу, карате, кендо, кикбоксинг, муай-тай, самбо, сумо, тхэквондо, ушу ұйымдары бар.

Ойындарды өткізу мен ұйымдастыру жұмыстарын Жекпе-жектен Әлемдік ойындары комитеті үйлестіреді.