Қазақстан жемқорлыққа белшесінен батқан ел дейтін түсінік шындыққа жанаспайды – Президент

АСТАНА. KAZINFORM –  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде жемқорлықтың Қазақстанның иммиджіне келтіріп жатқанын зияны  туралы айтты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Біз, ең алдымен, жемқорлықты түбірімен жоюымыз керек. Мен осы мәселеге айрықша мән беремін. Біз қоғамда бұл кеселдің бар екенін жасырмаймыз. Ашық айтамыз деп, оның зардабын да тартып жатамыз. Тіпті, кейде шетелдіктер де, өз азаматтарымыз да Қазақстанды жемқорлыққа белшесінен батқан ел деп ойлайды. Бұл шындыққа еш жанаспайды», - деді Президент.

Мемлекет басшысы ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген адал азаматтар аз емес деп есептейді.

«Қайталап айтамын: жемқорлық – кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.