Аталған додада Қазақстан атлеттері 7 алтын, 4 күміс, 1 қола медальмен жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Азия чемпионатының соңғы күнінде 4х400 метрлік эстафетадан қыздар алтын алса, жігіттер Катарды алға жіберіп, күміс жүлдеге ие болды.
Ұлттық құраманың аға бапкері Любовь Никитенко эстафета кезінде қыздардан Виктория Зябкина, Элина Михина, Светлана Голендова, Аделина Ахметоваға сенім артты.
Біздің спортшылар Ашхабадтағы Азия ойындарында қолда тұрған жеңістен техникалық қателіктерге байланысты айырылып қалған еді. Осы жолы ондай қателіктер орын алған жоқ. Қыздарымыз 3:41.67 минутта мәреге жетті. Екінші орындағы Иран қыздары 10 секундқа қалып қойды.Үздік үштікті Түрікменстан түйіндеді.
Жігіттерден жалпы саны 6 команда қатысты. Қазақстан намысын Андрей Соколов, Сергей Зайков, Дмитрий Коблов, Михаил қорғады. Чемпион атанған Катар құрамасы мәреге 3:10.08 минутта жетсе, Қазақстан құрамасының нәтижесі - 3:11.68 минут. Үшінші орынға жергілікті Иран құрамасы тұрақтады - 3:11. 74.
Сондай-ақ 1500 метрге жүгіруден Татьяна Нерознак күміс жүлде еншіледі. Татьяна 1 ақпан күні 3000 метрге жүгіруден бас жүлде алған болатын. Бүгін 1500 метрге жүгіруден Шри-Ланка спортшысына есе жіберді. Қостанайлық атлет 1500 метрді 4.28.20 минутта жүгіріп өтті. Үшінші орын Тхи Оан Нгуенге (Вьетнам) бұйырды.
Осылайша, Нерознак спорттық карьерасында жабық кешендегі Азия чемпионатының барлық жүлдесіне ие болып үлгерді. Ол бұған дейін 2014 және 2016 жылдары өткен Азия чемпионатында 800 метрге жүгіруден қола жүлде алған еді. 1 ақпанда 3000 метрде чемпион болды. Бүгін күміс жүлде бұйырды.
Азия чемпионатынан Қазақстан құрамасы жалпы 12 медаль жеңіп алды. Оның жетеуі алтын, төртеуі күміс, біреуі қола.
Алтын
1. Татьяна Нерознак, 3000 метрге жүгіру
2. Ирина Эктова, үш қарғып секіру
3. Светлана Голендова, 400 метрге жүгіру
4. Әйгерім Шыназбекова, 60 метрге кедергілер арқылы жүгіру
5. Анастасия Ермакова, сырықпен секіру
6. Никита Филиппов, сырықпен секіру
7. 4х400 метрлік эстафета, әйелдер (Светлана Голендова, Аделина Ахметова, Виктория Зябкина, Элина Михина)
Күміс
1.Виктория Зябкина, 60 метрге жүгіру
2. Элина Михина, 400 метрге жүгіру
3. Татьяна Нерознак, 1500 метрге жүгіру
4. 4х400 метрлік эстафета, ерлер (Андрей Соколов, Сергей Зайков, Дмитрий Коблов, Михаил Литвин)
Қола
1. Надежда Дубовицкая, сырықпен секіру.
Жабық кешендегі VIII Азия чемпионаты (Тегеран). Жалпы командалықесеп:
1. Қазақстан - 7 алтын, 4 күміс, 1 қола
2. Иран - 5 алтын, 9 күміс, 10 қола
3. Катар - 4 алтын, 3 күміс, 2 қола
4. Қытай - 3 алтын, 2 күміс, 1 қола
5. Кувейт - 3 алтын, 1 күміс, 2 қола
6. Өзбекстан - 2 алтын, 1 күміс, 0 қола
7. Вьетнам - 1 алтын, 0 күміс, 3 қола
8. Шри-Ланка - 1 алтын, 0 күміс, 3 қола
9. Үндістан - 0 алтын, 4 күміс, 2 қола
10. Қырғызстан - 0 алтын, 1 күміс, 0 қола
11. Тайбэй - 0 алтын, 1 күміс, 0 қола
12. Түрікменстан - 0 алтын, 0 күміс, 2 қола
13. Жапония - 0 алтын, 0 күміс, 1 қола