АСТАНА. KAZINFORM — Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия чемпионатында екінші алтын медальға қол жеткізді. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысына Нора Джеруто көтерілді. Ол 3000 метрге жүгіру сайысында үздік нәтиже көрсетті.
Қазақстандық спортшы 8:46.87 уақыт көрсеткішімен мәреге жетті. Екінші орынды жапониялық Нозоми Танака (8:48.22), ал үшінші орынды қытайлық Ло Ся (9:16.18) иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін Нора Джеруто 1500 метр қашықтықта қола жүлдеге ие болған. Ал Алина Чистякова бессайыста алтын медаль жеңіп алды.
Динара Маханова
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Еңбек жолын 2011 жылдан бастаған. Әр жылдары аймақтық басылымдар мен «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі және республикалық «Астана» телеарнасында жұмыс істеген.