NVIDIA-мен әріптестік
23 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Дженсен Хуангты қабылдады. Кездесуде Қазақстанның жасанды интеллект саласын дамыту жоспары мен екіжақты әріптестік талқыланды.
- NVIDIA компаниясымен ықпалдастыққа соны серпін беру тұрғысынан сапарыңыздың мәні зор. Серіктестігімізді нығайту жолындағы және Қазақстанның игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіңізге алғыс айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы осы кездесуде.
NVIDIA-ның әлемдік нарықтағы орнын оның қаржылық көрсеткіштері де аңғартады. 2025 жылы компанияның кірісі 215,9 млрд долларға жетті. Оның 193,7 млрд доллары деректер орталықтарына арналған өнімдерден түсті. Мысалы, OpenAI кемінде 10 ГВт болатын NVIDIA жүйелеріне негізделген есептеу қуатын орнату туралы жоспарын жариялады. Google Cloud NVIDIA H100 процессорымен жұмыс істейтін DGX Cloud қызметін ұсынып отыр. Microsoft та Azure платформасында NVIDIA-ның процессорын қолданады. Amazon мен Meta да NVIDIA жабдықтарын пайдаланатын ірі компаниялардың қатарында.
Қазақстанда да осы компанияның технологияларына негізделген жобалар іске асып жатыр. Alem.Cloud суперкомпьютері NVIDIA H200 процессорларымен жабдықталған. «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы Астана мен Алматыда 400 H200 және 480 B300 графикалық процессорын іске қосты. Ал Екібастұзда есептеу қуатын бұдан да ауқымды көлемде арттыру жоспарланып отыр.
Екібастұздағы 10 млрд долларлық жоба
Маусым айында Үкімет америкалық Firebird компаниясымен бірге жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған 10 млрд долларлық келісімшарт пакетін жариялады. Соның негізгісі – Екібастұздағы Data Center Valley кешені.
Жоба аясында 100 мыңға дейін графикалық процессор орнату көзделген. Үкімет кешен толық іске қосылғанда экспорттан ғана жылына кемінде 3 млрд доллар кіріс түседі деп күтеді.
Екібастұз алқабында жасанды интеллект модельдерін үйретіп, үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуге болады. Есептеу қуатын шетелдік компанияларға да ұсынуға мүмкіндік бар. Қазақстанның бұл бағыттағы жоспары энергетикалық ресурстарды пайдаланып, халықаралық нарыққа цифрлық қызмет сатуға саяды.
Дженсен Хуангтың өзі де Қазақстанның мүмкіндігін осы тұрғыдан бағалады.
- Жасанды интеллектіні дамыту үшін, ең алдымен, мол қуат көзі, сондай-ақ ғылым, математика мен технология салаларында білім-білігі жоғары мамандар керек. Осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті, – деді NVIDIA басшысы.
Электр қуаты мен интернет трафик
Деректер орталықтарын дамыту үшін электр энергиясы үздіксіз берілу керек. Үкімет 2027 жылы энергия тапшылығын түгел жойып, 2029 жылға қарай электр қуатының тұрақты профицитіне шығуды жоспарлап отыр.
Қазақстан мен Әзербайжан Каспий табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тартты. Ұзындығы 380 шақырым болатын бұл желі Ақтау мен Әзербайжанның Сумғайыт қаласын жалғайды. Желі арқылы секундына 400 терабитке дейін трафик жеткізуге болады.
Бұл желі Қазақстанның Еуропамен алмасатын интернет трафигіне сенімді арна болмақ. Екібастұздағы есептеу орталықтары шетелдік клиенттерге қызмет көрсетсе, мұндай байланыс арналары сол қызметтерді пайдалануға қажет инфрақұрылымның бір бөлігіне айналады.
IT қызмет экспорты
Қазақстанның цифрлық қызметтерді шетелге сату тәжірибесі қазір де бар. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы IT қызметтер экспорты 1,142 млрд доллар болған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 33,5 млн доллар еді.
2025 жылы Astana Hub қатысушыларының экспорты 633 млн долларға жетті. Шетелге қызмет көрсететін компаниялар саны – 537. Қазақстандық IT өнімдер мен қызметтерді 110-нан астам ел тұтынып отыр.
Бұл көрсеткіштер елдің цифрлық қызметтер нарығында қалыптасқан тәжірибесі бар екенін аңғартады. Екібастұздағы кешен арқылы деректер орталықтарын дамыту осы нарыққа жаңа қызмет түрін қосуы мүмкін.
Стартап және Higgsfield мысалы
Қазақстан жасанды интеллект саласындағы стартаптарды қолдау үшін Alem Capital Management арқылы 115 млн доллар қор қалыптастырды. Бұл капиталды 1 млрд долларға жеткізу межесі қойылған.
Қазақстанмен байланысы бар технологиялық компаниялардың бірі – Higgsfield. Бас кеңсесі Сан-Францискода орналасқанмен, негізін қалаушылардың арасында қазақстандық мамандар бар. Негізгі жұмыс күші де қазақстандықтар. Компания жасанды интеллект арқылы бейне мен сурет жасауға арналған өнімдер шығарады.
Осы қазан айында Higgsfield-тің инвестициялық раундына NVIDIA мен TCV компаниялары қатысқанын хабарланды. Ресми мәліметке сүйенсек, Higgsfield қызметін 238 елдің 40 миллионнан астам тұрғыны пайдаланады.
Күз басныда Астанада ашылған Qazaq AI Research University-де 528 адам білім алып жатыр. Оның 294 студенті мемлекеттік грантқа ие болған.
Университет жасанды интеллект, машиналық оқыту және Physical AI бағыттары бойынша маман даярлайды.
Ендігі мәселе – жарияланған жобалардың іске асуы, деректер орталықтарының қуаты, шетелдік тапсырыстар мен цифрлық қызметтерден түсетін кіріс. Осы көрсеткіштер Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жоспарларының нақты экономикалық нәтижесін айқындайды.
Қазақстанның NVIDIA-мен әріптестігі суперкомпьютер мен деректер орталықтарын салумен ғана шектелмейді. Елдің тау-кен, металлургия және энергетика салаларында роботтар мен автономды жүйелерді қолдануға, ал отандық мамандарға халықаралық нарыққа арналған технологиялық өнімдер әзірлеуге мүмкіндік ашылады. Қазақстанда 600-ден астам қызметкері жұмыс істейтін Higgsfield AI осы бағыттағы жарқын мысал. NVIDIA-ның компанияға инвестиция салатыны да жарияланды.
Сондай-ақ, QAIRU базасында NVIDIA Deep Learning Institute өңірлік орталығын құру мүмкіндігі қарастырылып, пилоттық бағдарламаға 12 техникалық университеттің өкілдері қатысты. KazLLM мен AlemLLM ұлттық тіл модельдері де қазақша жұмыс істейтін ЖИ технологияларды дамытуға арналған.
Қазақстанда есептеу қуатын пайдаланып, өнеркәсіпке арналған шешімдер мен халықаралық нарыққа шығатын технологиялық өнімдер әзірлеуді мақсат етіп отыр.
NVIDIA басшысы Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды.