Қазақстан ЖИ меңгеретін мемлекеттік кадрлар санын жыл сайын 30 мыңға дейін арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада халықаралық GovHR форумы өтті. Іс-шараға дамыған және дамушы елдердің мамандары қатысты, деп хабарлайды Jibek Joly арнасы.
Адам жасанды интеллектіге емес, жасанды интеллект адамға бейімделуі керек. Елімізде мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект дағдыларын жетік меңгеруге тиіс. Өйткені салада қағазбастылықтан арылу процесі қарқынды жүріп жатыр. Арнайы бағдарлама аясында жыл сайын шамамен 30 мың мемлекеттік қызметкерді оқыту жоспарланған. Алайда жасанды интеллектіге жаппай көшу үшін нормативтік және техникалық талаптарды реттеп алу керек. Өзге елдердің тәжірибесіне сүйену қажет. Оның нәтижесі туралы Қасым-Жомарт Тоқаев GovHR форумына қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында да атап өтті.
Жаһандану және жедел технологиялық прогресс жағдайында халықаралық бәсекеге қабілетті болудың негізі — адам капиталы. Бұл ретте әсіресе, дарынды жастар мен кәсіби мамандарға сенім мол. Олардың мемлекеттік қызметке келуіне, креативті идеяларын жүзеге асыруға қолдау танытылып отыр. Мәселен, «e-Qyzmet» жүйесіндегі мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы Қазақстан азаматтарына конкурстарға онлайн түрде қатысуға жол ашты.
— Осы форумның негізінде біз жасанды интеллектіні «e-Qyzmet-ке» енгізу бойынша өзімізде зертхана ашылды. Соның ішінде соны енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатырмыз. Осы біздің әдістерімізді, өзіміздің ойымызды әріптестерімізбен бөлісеміз және олардан тың деректерді күтеміз. Оларды өз жұмыстарымызда пайдаланамыз, — деп атап өтті ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.
Өзге елдердің тәжірибесі артық етпейді. Мәселен, БАӘ-де Еңбек саласында азаматтарға құжаттарды жасанды интеллект көмегімен секундтар ішінде өңдеп береді екен. Ал кредит немесе ипотека рәсімдеу үшін банктер талап ететін ресми кіріс және жалақыны растайтын құжаттар цифрлық форматқа көшіп, қағаз айналымын толық қысқартқан.
— Әр қызметкер жасанды интеллектіні еркін қолдана білуі керек. Өйткені шешімдерді тез қабылдау керек. Бізде деректер осы технологияның көмегімен іске асады. Менің ойымша, енді 2-3 жылда барлық салаларда жасанды интеллект толық енеді. Әрине, жұмыс сапары жақсарады, бірақ қызметкерлер саны азаяды, — деді Джасим Аль Али Мохаммед Бин Рашид мектебінің профессоры.
Форумда жаңа кезеңдегі мемлекеттік басқаруға қатысты кітап таныстырылды. Жинақты құрастыруға 19 елден 39 автор қатысты. Ал алғысөзін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.
Бұған дейін Жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану тақырыбында тегін онлайн курс іске қосылатыны хабарланды.