Сонымен қатар ол жасанды интеллект саласындағы ірі америкалық компаниялар арасында жасалған келісімге қатысты пікір білдірді.
- Жасанды интеллект саласындағы жетекші америкалық компаниялар құжатқа қол қойды. Онда технологияны жауапты пайдалану, оны қалай оқытуға болатыны және қандай тәсілдерге жол берілмейтіні туралы айтылған. Қазақстан – жасанды интеллект туралы заңды қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі. Сондықтан қазір АҚШ-тың тәжірибесін зерделейміз. Қажет болған жағдайда заңнамамызға белгілі бір өзгерістер енгізуіміз мүмкін. Алайда нормативтік-құқықтық актілер мен заңдардың базалық жиынтығы бізде қазірдің өзінде бар, – деді ол.
Вице-министр Қазақстанда жасанды интеллект туралы заңмен қатар киберқауіпсіздік саласына қатысты заңдар және Цифрлық кодекс қабылданғанын атап өтті.
- Біз адамдардың өміріне, бизнестің және мемлекеттің цифрлық ортадағы жұмысына қатысты қажетті мәселелердің басым бөлігін реттеп қойдық. Суперинтеллект жөніндегі келісімді де зерделейміз. Егер бұл тәжірибені Қазақстан үшін құнды деп есептесек, заңнамамызға белгілі бір түзетулер енгізілуі мүмкін, – деді Ростислав Коняшкин.
Суперинтеллект жөніндегі келісім АҚШ-тың ірі технологиялық компаниялары арасында жасалған, озық жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіздігі мен өзін-өзі реттеу қағидаттарына арналған ерікті келісім.
Айта кетейік, құжатқа қыркүйек айында АҚШ Президенті Дональд Трамптың қатысуымен Google басшысы Сундар Пичай, Anthropic басшысы Дарио Амодеи, Meta басшысы Марк Цукерберг, OpenAI президенті Грег Брокман, Илон Маск және NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг қол қойған.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Д.Трамп бастамасымен жасалған суперинтеллект туралы келісім жаһандық деңгейде үлгі болуы мүмкін екенін айтқан еді.