«Биыл 4 айдың ішінде өндіріс көлемі 7,1 трлн теңгені құрап, 5,6 млрд доллар болатын отандық тауарлар экспортталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың 4 айымен салыстырғанда 19,9% ұлғайып, 403,2 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп саласының экономикаға қосқан үлесі 4,3 трлн теңге болды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 52,7 мың долларға жетті», — деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында.
Министрдің пайымдауынша, биыл 4 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсімі 105,2%-ға жетіп отыр.
«Металлургия өнеркәсібі бойынша 1 млн тонна шойын, 1,3 млн тонна болат, 834 мың тонна тегіс прокат, 87,4 мың тонна алюминий, 89 мың тонн мырыш және 159,8 мың тоннадай мыс өндірілді. Биыл металлургия саласында салынатын инвестиция көлемін 464,2 млрд теңгеге жеткізіп, 4,700 астам жұмыс орнын ашатын 21 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Қарағанды облысындағы ТЭМПО Қазақстан болат құбыр өндіру зауыты және Шымкент қаласындағы QazAlPack алюминий қаптамасын шығару кешенін ұлғайтпақпыз», — дейді ведомство басшысы.