Қазақстан жыл сайын $15 млн-ға буын шеміршегі имплантын сатып алады

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан жыл сайын кемінде 11 мыңнан тоннадан астам титан шикізаты мен құймаларын экспорттайды. Соған қарамастан буын шеміршектерін алмастыратын титан импланттың әрқайсысын 1,5 мың долларға сырттан алып отыр.

Бұл туралы Н.Ж.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығы директорының орынбасары Арман Бәтпен айтты. 

«Ресми дерек бойынша Қазақстан былтырғы 11 айда ғана 11,9 мың тоннадан астам титан шикізаты мен құймаларын экспорттаған. Соған қарамастан буын шеміршегінің орнына қолданылатын титан имплантты сырттан импорттап отыр. Неге бұлай?» — деп сұрады журналист Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде.

Травматолог маман ондай бұйым жасау елімізде енді ғана қолға алынғанын айтады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

«Иә, бізде ондай үлкен мәселе бар. Қазіргі таңда біз Өскемен қаласының Д. Серікбаев атындағы техникалық университетімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандық титан қорытпасынан медициналық құралдар жасаймыз. Оның ішінде пластина, штиф сияқты шағын бұйымдар болады. Ал протез жасау өте күрделі. Алматы қаласында бір бизнесмен бар. Сол кісі Хорватиядан бір технология әкеліп, соны өзімізге енгізбекші. Әзірге бізде титаннан имплант жасайтын технология жоқ», — деді ол.

Айта кету керек, 2017 жылдан бері Шығыс Қазақстанда өндірілетін титаннан буын сақиналарына салынатын имплант жасау технологиясы қолға алынғанын хабарлаған едік. 

Арман Бәтпен ол технология қазір ғылыми әдістеме сатысында ғана тұрғанын айтады. Ғылыми жобаны коммерцияландыру үшін қыруар қаражат керек.

«Аталған университеттегі өндіріс зертхана түрінде ғана құрылған. Ал зауыт ашу үшін үлкен инвестиция керек. Жаңа көрдіңіздер, жылына буын сақиналарына 10 мың ота жасалады. Сонда жылына 10 мың имплант керек деген сөз. Ондай бір импланттың құны — 1,5 мың доллар», — деді Ұлттық травматология және ортопедия орталығы директорының орынбасары.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

lsm.kz сайтының мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-қарашасында сыртқа экспортталған 11,9 мың тонна титанның құны 158,3 млн доллар болған. 

Сонда сыртқа шикізат пен құйма ретінде экспортталатын титанның 100 келісі 1330 доллардан сатылып жатыр деген сөз.