Ресми мәліметке қарағанда, алты айда жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер саны 22 346-дан 21 007 адамға дейін төмендеген. Ал қаза болғандар саны 955-тен 807 адамға дейін азайды.
Прокуратураның мәліметінше, бұл нәтижеге жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірқатар шаралардың арқасында қол жеткізілген.
— Атап айтқанда, орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау қайта жанданды, мопедтерді міндетті тіркеу қолға алынды және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйесі кеңейтілді, — делінген хабарламада.
Алты ай ішінде 15 188 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның басым бөлігі жол ережесін қасақана және жүйелі түрде бұзатын жүргізушілердің қатысуымен болған.
— Жаяу жүргіншілер өткелдерінде 5 971 адам жарақат алып, 208 азамат, оның ішінде 40 бала көз жұмған. Мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен 209 адам зардап шегіп, 8 адам қайтыс болған. Ең көп адам өлімі жылдамдықты шамадан тыс арттыру мен қауіпті маневрлердің салдарынан тіркелген. Осы екі себеп бойынша 8 мыңнан астам адам жарақат алып, 676 адам қаза тапқан, — деп хабарлады ведомство.
Прокуратура жол бұзақылығына қатысты жауапкершілікті күшейту шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша 29 жүргізуші әкімшілік қамауға алынған.
Сондай-ақ 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілердің медициналық тексеруден өтуін бақылау тетігі жетілдіріледі. Егер жүргізушінің медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет мемлекеттік жүйеде болмаса, оның жүргізуші куәлігінің қолданысы уақытша тоқтатылады.
Бас прокуратура «Цифрлық қадағалау» платформасы арқылы жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік беретін пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Жоба жүргізушілердің тәртібін балдық жүйе арқылы бағалауға бағытталған.
Ведомство азаматтарды қауіпті көлік жүргізу, заңсыз жарыстар және жол ережесін өрескел бұзу фактілері туралы полицияға хабарлауға үндеді. Прокуратураның мәліметінше, ауыр апаттардың көбін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған жүргізушілер жасайды.
Мысалы, Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына себепкер болған жүргізуші бұған дейін жылдамдықты 21 рет асырған. Ал Ақмола облысында адам өліміне әкелген апатты жасаған жүргізуші жол ережесін 13 рет бұзған.
Бас прокуратура жүргізушілерді жылдамдықты асырмауға, қауіпті маневр жасамауға, мас күйінде көлік басқармауға және жол қозғалысы кезінде телефон қолданбауға үндеді. Ведомствоның айтуынша, жол қауіпсіздігі әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жеке жауапкершілігіне байланысты.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жол-көлік апаты кезінде екі адам қаза тауып, бесеуі ауруханаға түскенін хабарлағанбыз.