Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2016 жылы «Нұрлы жолдың» автожол жобаларына 324,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде Ұлттық қордан 151,3 млрд. теңге. Бөлінген қаражаттың есебінен республиканың 12 облысында 1,7 мың шақырым жол қайта жөнделді. Олар: Батыс Еуропа - Батыс Қытай, Орталық - Оңтүстік, Орталық - Шығыс, Бейнеу - Ақтау, Алматы - Өскемен, Астана - Петропал, Ақтөбе - Атырау және Орал - Каменка жолдары», - деді ол.
Министрдің айтуынша, барлық жобаға 75 мың адам тартылды және отандық өндірушілер материалдарының үлесі 90 пайыздан асты.
«2016 жылы 913 шақырымда құрылыс жұмыстары аяқталып, оның ішінде жыл қорытындысы бойынша, 767 шақырым жол пайдалануға берілді. Батыс Еуропа - Батыс Қытай транзиттік дәлізі, Астана - Теміртау, Алматы -Қапшағай, Қапшағай - Балпық би, Бейнеу - Шетпе және Көкшетау - Петропавл учаскелері бойынша қозғалыс толық ашылды», - деді Қасымбек.