Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдап, еліміздің жолдарындағы проблемаларды көтерген депутат Азат Перуашев осылай мәлім етті.
Депутаттың мәліметіне қарағанда, соңғы 10 жыл ішінде елімізде жол-көлік оқиғаларынан балаларды қоса алғанда 32 мыңнан астам адам көз жұмған. 166 мыңнан астамы жарақаттар алып, мертіккен. «Жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқан қазақстандықтардың саны ауған соғысындағы Кеңес әскерінің шығынынан екі еседен астам көп. Мәселен, салыстырмалы түрде алсақ: әлгі соғыста осындай 10 жыл ішінде 14 мыңдай адам көз жұмған екен. Сонда Қазақстан жолдарында көптеген адамдардың өліміне алып келіп жатқан күнделікті тоқтаусыз соғыс жүріп жатыр деп те айтуға болады», - дейді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандардың едәуір үлесі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарға келеді екен. Мәселен, 2011 жылы жол-көлік оқиғаларынан 2707 адамның 1113-і немесе 41 пайызы осындай жолдарда қаза тапқан.
Сонымен қатар, депутаттың пайымынша, жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің ішінде қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кету жағдайы елеулі орын алып отыр (барлық оқиғалардың 10 %-дан астамы). «Жүргізушілердің айтуынша, адам өлімі көп орын алатын «Алматы-Астана» трассасының негізгі бөлігі бойынша екі жолақты болып табылады. Ол жол төсемінің тарлығымен және бөліп тұратын тосқауылдың жоқтығымен ерекшеленеді. Ал бұл жағдай көлік құралдарының жоғары тығыздығы мен әртүрлі қозғалыс жылдамдығы кезінде көліктердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетуіне және ауыр апаттарға әкеліп соғады. Сонымен бірге «Алматы-Астана» трассасы тек аталған қалаларды ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін, бізбен көршілес мемлекеттерді байланыстыратын жалғыз жол болып табылады. Жолаушылар және жүк тасу дүрмегі жыл сайын өсуде. Осыған байланысты, трассаны 4 жолаққа дейін кеңейту және қарама-қарсы бағыттағы қозғалыс жолақтарының арасына бөліп тұратын тосқауыл қою жолымен «Алматы-Астана» трассасын жаңғырту туралы мәселені көтеруді қажет деп ойлаймыз», - дейді Азат Перуашев.