Қазақстан ЖОО-лары әлемдік рейтингтерде нешінші орында тұр

Фото: Фото: rally36.ru

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі баспасөз мәслихатында Қазақстан жоғары оқу орындары әлемдік рейтингтерде нешінші болып тұрғанын айтты.

- Біздің жоғары оқу орындарымыз екі халықаралық рейтингке қатысады - Times Higher Education және QS. QS-те қазіргі таңда 29 университетіміз бар. Оның ішінде топ-500-ге және топ-1000-ға кіретін 6 университетіміз бар. Оның ішінде топ-200-ге кіретін әл Фараби атындағы ұлттық университетіміз бар. Дүниежүзінде 63-орында тұр. Азия рейтингіне 30-дан астам университетіміз кіреді. Топ-50 мен топ-100-ге 6 университетіміз кіріп отыр, жаман емес, - деді ол.

Саясат Нұрбек Назарбаев университеті биыл халықаралық рейтингтегі көрсеткішін жақсарту мүмкін екенін айтады.

- Times Higher Education-ге де 6 университет кіреді. Оның ішінде былтыр Назарбаев университет топ-300-ге кірді. Топ-200-ге Назарбаев университеттің білім беру мектебі кірді. Екі күннен кейін Times Higher Education-нің 2025 жылғы рейтингі жарияланады. Соны күтіп отырмыз. Болжамымыз бойынша Назарбаев университет биылғы рейтингте топ-200-ге кіреді, - деді министр.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс эндаумент қор туралы заң жобасын мақұлдады.