Осымен төртінші жыл қатарынан елімізде шетелдік азаматтарға, оның ішінде Қазақстан азаматы болып саналмайтын ұлты қазақ тұлғаларға арналған стипендиялық бағдарламаға үміткерлерді іріктеу жүргізілуде. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер саны жыл сайын артып келеді. Биыл 6 024 өтінім түскен.
«Үміткерлер бағдарлама талаптарына сәйкес қатаң іріктеуден өтті. Өтінім білдірушілер жоғары академиялық үлгерім, талап етілген құжаттардың бар болуы және іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өтуі негізінде іріктелді. Қазіргі күнде үміткерлердің нәтижелерін талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді министрліктен.
Еске салайық, грант конкурсына қатысуға өтінім беру 30 наурыз - 30 маусым аралығында жүргізілді. 2023 жылы аталған бағдарлама бойынша 550 грант бөлінді. Атап айтқанда, бакалавриат бағдарламаларына – 490 грант, магистратураға – 50 және докторантураға 10 грант.
Конкурс қорытындысын тамыз айының соңғы он күнінде Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы стипендиаттарды іріктеу жөніндегі комиссия қабылдайды.
Ведомство мәліметіне сәйкес, стипендиялық бағдарлама жүзеге асырыла бастаған сәттен 10 мыңнан астам үміткер өтінім берген. Бағдарлама бойынша 139 стипендиат отандық жоғары оқу орнын тәмамдады, 538 студент оқуын жалғастырып жатыр.