Құжатқа 2026 жылғы 25 маусымда Абу-Даби қаласында екі елдің Ішкі істер министрліктері арасында қол қойылды. Меморандум 25 шілдеден бастап күшіне енеді.
– Меморандумның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының екі ел аумағында көлік жүргізуін жеңілдету және жүргізуші куәліктерін пайдалану мен айырбастау кезінде артық рәсімдерді азайту, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Құжат екі түрлі жағдайды қамтиды. Біріншісі – азаматтың басқа елге уақытша баруы. Яғни туристік, іскерлік немесе жеке сапар кезінде Қазақстан мен БАӘ бір-бірінің қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін таниды.
Осылайша, Қазақстан азаматы Біріккен Араб Әмірліктерінде жарамды қазақстандық жүргізуші куәлігімен автокөлік басқара алады.
Екінші жағдай – Қазақстан азаматы БАӘ-ге тұрақты немесе ұзақ мерзімге қоныс аударып, тұруға ықтиярхат алған кезде. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға мүмкіндік бар.
– Бұл жеңілдік тек жеңіл автокөліктерге қатысты екенін ескеру қажет. Ал автобус, жүк көлігі және өзге де санаттар қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаралады, – деп атап өтті ведомство өкілі.
Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін:
тұруға ықтиярхат;
В немесе В1 санатындағы ұлттық жүргізуші куәлігі және азаматтың 18 жасқа толуы;
жүргізуші куәлігінің қабылдаушы мемлекеттің мемлекеттік тіліне ресми аудармасы;
медициналық тексерістен өту туралы құжат қажет.
Бұл ретте ұлттық жүргізуші куәлігі иесінде қалады. Құзырлы органдар тек куәліктің айырбасталғаны туралы бір-бірін хабардар етеді.
Шетелге шығар алдында баратын елдің заңнамасымен, соның ішінде жол қозғалысы ережелерімен алдын ала танысу ұсынылады.
Айта кетейік, Астана мен Мәскеу арасында жүргізушісіз жүк көліктері қатынайды.