Қазақстан журналистері арасында байқау жарияланды

АЛМАТЫ. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Орта Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ)  қараша айының 6-сынан  бастап 2010 жылдың 20 қаңтарына дейін корпоротивті әлеуметтік жауапкершілік (КӘЖ) мәселелерін баяндайтын қазақстандық журналистер арасында ең үздік материалдарға байқау жариялады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орта Азияның Еуразия Қорының жетекші маманы Айгүл Тағатованың айтуынша, байқауға қатысу үшін сұраным түрін толтырып және  КӘЖ мәселесі бойынша шыққан материал көшірмесін (газеттен кесінді, веб-сайттан сілтемесі бар мәтін, видео- немесе аудиоматериалдары бар электрондық жинаушы) жіберу керек. Материалдар қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.

«Байқаудың шешімін журналистика мен КӘЖ саласындағы мамандар кіретін эксперттік комиссия қабылдайды. Материалдар келесі критерийлер бойынша бағаланады: Жазу үшін әр түрлі ақпарат көздерді қолдану - 20%; Аналитикалық әдістеме мен статистиканы колдану - 20%; Оқиғаның аймақ үшін маңыздылығы - 20%; Автордың КӘЖ туралы түсінігі - 20%; Материалды ұсыну сапасы (рәсімдеу мен беру) - 20%. Үш жеңімпаз Мәскеуге оқыту сапарына қатысады, олар өз жұмысында КӘЖ принциптерін қолданатын, БАҚ және бизнес компаниялармен, коммерциялық емес ұйымдармен кездеседі.  Байқау нәтижелері 2010 жылдың ақпан айының 12-сі күні  жарияланады және ОАЕҚ-ның (www.efcentralasia.org) сайтында, «Байқаулар» бөлімінде орналастырылады», деді  Айгүл Тағатова.

Байқауға КӘЖ бойынша қазақстандық БАҚ-да 2009 жылдың қаңтар мен желтоқсан айлары аралығында сюжет, репортаж, мақалаларын және басқа да материалдарын жариялаған, Қазақстаннның баспа және электрондық БАҚ өкілдері, қазақстандық ЖОО-ның журналистика факультетінің студенттері, журналистер бірлестіктері мен клуб мүшелері, тренер-кеңесшілер шақырылады.