Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Халық маркасы» тауарларының сапасын бақылайтын федерация президенті Римма Тәжібаева мәлім етті.
«Келесі жылдың ақпан-наурыз айларында «Қазақстанда жасалған - Халық маркасы» көрмесін ұйымдастыру жоспарланған. Астанада ұйымдастырған «Халық маркасы» атты павильонда үздік деп танылған өнімдер осы халықаралық көрмеге қатысады. Көрме аясында Ресей, Грузия, Армения, Әзербайжан, Украина, Тайланд, Мысыр, Қытай, Түркия, БАӘ, Индия елдерін аралауды жоспарлап отырмыз. Ал, «Самғау» конкурсы аясында желтоқсан айында жеті номинация бойынша 14 облыс пен 2 қаладан марапатталған журналистер бізбен бірге осы 12 елді тегін аралайды», - деп хабарлады Римма Тәжібаева.
Қазір «Самғау» конкурсына Қазақстанның өңір-өңірінен 70 адам өтініш білдірген. Соның ішінде жеті адам - шетелдік БАҚ өкілі. Бұрын хабарлағанымыздай, конкурс жеңімпаздары аталымдар бойынша 25 бағалы сыйлыққа ие болады. Бас жүлде - Қазақстанда құрастырылған көлік.
Бас редакторлар клубының төрайымы Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, байқауды еліміздегі белгілі қоғам қайраткерлері бағалайды.