Қазақстан Журналистика академиясының академигі Аяған Сандыбайдың шығармашылық кеші өтті

АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат - Астана қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Аяған Сандыбайдың шығармашылық кеші өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шара Аяған Өтенұлының 60 жасқа толу мерейтойына орай өткен болатын. Аяған Сандыбай Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақ ақпарат агенттігінде 10 жылға жуық жемісті еңбек етіп, журналистік шеберлігін шыңдаған.

Кейін еліміздің БАҚ саласын дамытуда жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда, "Қазақстан" телерадио корпорациясының бірінші вице-президенті, Баспа және бұқаралық ақпарат минис­трінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі болды.

Мүшелтой иесі бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігінде жауапты қызметте. 2004 жылы "Чем порадовать серд­­це..." ("Жүректі қайтіп жұбатам") деген орыс тіліндегі кітабы жарық көрді.

Шығармашылық кеште Бішкектен арнайы келген қырғыздың дарынды ақыны, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ақбар Рысқұлов құттықтау сөз сөйлеп, өз өлеңін оқыды. Жазушы Сәбит Досанов және басқа қаламгерлер құттықтады.