«Қазақстан» зымырандық-артиллериялық кемесі әуеден және катерден «жасалған» шабуылдарды тойтарды

АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Әскери-теңіз күштерінің «Қазақстан» зымырандық-артиллериялық кемесінің экипажы кемелік-жауынгерлік оқу-жаттығу барысында жоғары баға алды.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Ашық теңізге шыққан ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері тактикалық сценарийге сәйкес кемеге шартты түрде әуеден және катерден «жасалған» шабуылдарды тойтарды. Жаппай қыру қаруының, теңіз миналарының қолданылуына қарсы әрекет етті. Іздестіру-құтқару іс-шараларын жүргізді. Бұл әскери іс-қимылдар «жеке кемемен теңіз ұрысын жүргізу» жаттығуының шеңберінде жасалды, делінген ведомство таратқан хабарламада.

Капитан-лейтенант Еркебұлан Дәркенбаев басқарған «Қазақстан» зымырандық-артиллериялық кемесінің экипажы қойылған міндетті орындап шықты.

Әскери теңізшілердің жаттығулары Каспий теңізінің айдынында жоспар бойынша жалғаса бермек. ҚР ҚК ӘТК кемелерінің экипаждары жауынгерлік дайындық қарқынын күшейтіп, жаңа міндеттерді орындауға әзірленуде.

Айта кету керек, Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің сапында гидрографиялық, зымырандық-артиллериялық, мина тралдаушы кемелер бар. «Қазақстан» зымырандық-артиллериялық кемесі отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің алғашқы өнімі. Биыл сәуір айында «Зенит» зауытында тағы да бір «Орал» атты әскери кеме құрастырылып шықты. Бұл кеменің экипажы да өздерінің міндеттерін атқаруға кірісті.