«Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық. Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді», - делінген ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында.
Елбасы «жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандырудың маңызды екендігін қадап айтып, өңірлердің әкімдеріне шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
«Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді», - делінген Жолдауда.