Кеңесте өңірлердің 2026–2027 жылдардағы қыс мезгіліне дайындығы және көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды.
Биыл 119,4 шақырым қорғаныс бөгеттері мен үйінділері салынып, жөнделіп, нығайтылды. Сонымен қатар 156 шақырым дренаж жүйесі салынып, қалпына келтірілді. Автомобиль және теміржолдардың астындағы 299 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы жағдайға ерекше назар аударылды. Бұл өңірлерде бірқатар елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр. Сондықтан жоспарланған инженерлік жұмыстарды аяқтау қажет.
— Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Алайда барлық дайындық жұмыстарын қыс басталғанға дейін аяқтау қажет, — деді Қанат Бозымбаев.
Ол әкімдіктерге су тасқынына қарсы шұғыл жұмыстарды аяқтауды, қорғаныс құрылыстарын нығайтуды, су бұру арналары мен жол инфрақұрылымын дайындауды тапсырды.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне су қоймаларының жай-күйін бақылауды күшейту, ал Қазгидрометке 2027 жылғы ақпанға дейін өңірлер бойынша су тасқыны қаупін бағалайтын егжей-тегжейлі гидрологиялық болжам әзірлеу міндеттелді. Сонымен қатар «Тасқын» ақпараттық жүйесін жаңғырту тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігіне құтқару қызметтерінің, материалдық резервтер мен эвакуациялық пункттердің дайындығын тексеру үшін республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар ұйымдастыру жүктелді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда су тасқынын болжайтын ақпараттық орталық жұмысын бастағанын хабарлағанбыз.