Қазақстанда 1 356 көпбалалы отбасы жалдамалы пәтерге қол жеткізді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 1356 көпбалалы отбасы жалдамалы тұрғын үйден пәтердің кілтін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінге сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 40 мың жалдамалы пәтер салынатын болады.

«Тек мамыр айында ғана барлық қаржы көздері есебінен бүкіл еліміз бойынша 1 356 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Көпбалалы отбасыларға тұрғын үй берудің алғашқы нәтижелері осындай. Бұл жұмыс министрліктің тұрақты бақылауында. Бүгінгі таңда Қазақстанда 31 725 отбасы шаршы метрге мұқтаж жандар ретінде әкімдіктерде есепте тұр», делінген хабарламада.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы қосымша шара ретінде маусым айында көпбалалы, толық емес отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды жеңілдікпен несиелеуді іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қарыздар жылдық 2% ставка бойынша, 20 жылға дейінгі мерзімге, бастапқы жарнасы 10% - дан бастап беріледі. Бастапқы жарнаның бір бөлігі тұрғын үй сертификатымен жабылуы мүмкін.

ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің деректері бойынша, бүгінгі күні кезекте тұрған көпбалалы отбасылар 2025 жылға дейін мемлекеттен тұрғын үймен толық қамтамасыз етіледі.

«Тек биыл ғана 12 мың отбасы өз пәтеріне қоныстанады (6 мыңы жалдамалы тұрғын үй есебінен және 6 мыңы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдікпен несие беру есебінен). Осылайша, 3-4 жыл ішінде министрлік тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылардың мәселесін толық шешуді жоспарлап отыр. Қабылданып жатқан шаралар аз қамтылған көпбалалы отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда еліміздің халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттырады», делінген хабарламада.