Қазақстанда 1,5 мың бала аутизммен ауырады - маман

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдын ала мәлiметтер бойынша елiмiзде аутизм дертiне шалдыққан 1,5 мың бала бар. Бұл туралы бүгiн Астанада өткен дөңгелек үстелде Республикалық балаларды оңалту орталығының директоры Шолпан Оспанова мәлiм еттi.

"Бiздiң мақсатымыз - Қазақстандағы балалар арасындағы аутизм мәселесiн көтеру және қолымызда қандай әдiстемелер барын сараптау. Бүгiнде аутизм дұрыс анықталмай жатады. Диагностика әлсiз. Сондықтан ондай балаларды оңалту тиiмдi жүргiзiлiп жатқан жоқ. Астанада мұндай диагноз 325 балаға қойылған. Негiзiнде олардың саны әлдеқайда көп. Мұндай балалардың денi психосөйлеу дамуы тежелген деген диагнозбен кетiп жатыр. Жалпы, Қазақстанда аутизм диагнозымен сырқаттанатын 1,5 мың бала бар", - дедi ол. Шолпан Оспанова ондай балаларды емдеудiң әдiстерiне де тоқталды. "Бұл мәселеде арнайы, дәрi-дәрмектiк емдеудiң ерекше түрi жоқ, баланың тәрбиесiне, оның қоғаммен етене болуына күш салса, болғаны. Сондықтан мұнда бала ғана емес, ата-аналар да психолог мамандармен жұмыс жасауы керек", - дейдi маман.