Қазақстанда 1 типті қант диабетіне шалдыққан 605 бала үздіксіз теріасты инфузиясы жүйесімен ем алуда

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Қазақстанда 1 типті қант диабетімен ауыратын 605 бала үздіксіз теріасты инфузиясы жүйесімен ем алуда.

Бұл туралы бүгін  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева мәлім етті.

«Қазақстанда 200 мыңнан астам адам қант диабеті ауруына шалдыққан. Оның 1600-дейі балалар. Олар дәрігерлердің жіті қағалауында. 605 бала үздіксіз теріасты инфузиясы жүйесімен ем алуда.  Біз бұл тәсілмен 5 жастан 15 жасқа дейінгі аралықтағы балаларды емдеудеміз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, инсулин помпалары мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен сатып алынуда. Бір инсулин помпасының құны шығыс материалдарын қоса есептегенде жылына 630 мың теңгені құрайды. Ал алдағы жылы қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға бюджет қаражатынан 200 млн-нан астам теңге бөлу көзделген.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда помпалық инсулинотерапия 1 типті қант дибетін емдеуде барынша физиологиялық және аз инвазивті әдіс болып отыр. Сонымен қатар көмірсулардың орнын толтыру мен қант дабетінің кеш асқынуларының алдын алуда тиімді саналады.

Айта кетейік, елімізде 1996 жылдан бері қант диабетін емдейтін препараттар мен құралдарды орталықтандырылған жүйемен сатып алу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп келеді әрі оның көлемі жыл сайын артуда. Мәселен, 2003 жылы бұл мақсатқа 1,167 млрд. теңге бөлінсе, 2013 жылы бұл көрсеткіш 5 млрд. теңгеге жуықтамақ.